$ 494.87  520.65  4.91

Түрік жұртынан шыққан әйел билеушілер: Зарина патшайым

Зарина – батылдығымен сұлулығымен және айрықша ақылдылығымен аты шыққан пайтшайым. Зарина есімі ежелгі Ассирия, Мидия елдерінің Азиямен байланысы туралы деректерде көп айтылады.
фото: e-history.kz
фото: e-history.kz

Түбі бір түрік жұртынан шыққан жаужүрек қыздар туралы әңгіме қозғасақ бірден есімізге сақ тайпасының даңқты патшайымы Томириcтен (Тұмар) кейін Зарина (кейбір деректерде оның нақты есімі Сара екені айтылады) түсетіні даусыз. Зарина да өз заманында сақ тайпаларының бірінің билеушісі атанып, кейіннен түрлі сақ тайпаларының басын біріктіріп, атақты Томирис секілді үлкен патшайымға айналған жаужүрек қыздардың бірі.

Ғасырлардан ғасырларға жеткен аңыз әңгімелер мен жыр-дастандарға қарағанда ежелгі сақ, ғұн, түрік дәуірінде әйел затынан жеті бірдей патша шыққан. Сол замандардағы патшалық құрған жеті қыз туралы деректерді ХVІІ ғасырда өмір сүрген атақшы тарихшысы әрі Хуа ханы болған Әбілғазы Баһадүр Ханның «Түрік шежіресі» еңбегінен де кездестіруге болады.

Сол патшалық құрған жеті қыздың бірі саналатын  Зарина патшайым шамамен біздің дәуірімізге дейінгі  558-518 жылдары аралығында өмір сүрді делінеді тарихи деректерде. Ол сақ тайпаларының бірін билеген патшаның қызы болған. Алайда, нақты қай патшаның қызы екені туралы дерек жоқ. Тек Мермер атты атақты қолбасшысының әйелі екені айтылады. Көне деректерге қарағанда Заринаның өзі Сырдарияның бойындағы Роксанаки атты қалада (кейіннен Сығанақ қаласының іргесі қаланды) тұрған. Сол жерде тұрып сақ тайпаларын басқарды. Ол туралы тарихи деректер ежелгі дүние тарихшылары Диодор, Ктесий сынды тарихшылардың жазбаларында кездеседі. Диадордың жазбаларында "Зарина - (көне иран тілінде zaranya, сақ- zarnya, парсы -  زرینه‎ яғни «алтын» немесе «алтын киетін» адам)  б.з.б. IV ғасырдың аяғы – V ғасырдың басында ежелгі сақ тайпасын билеген патшайым» деп берілген.

Описание: https://e-history.kz/media/upload/ckimages/76b7952e90a7a76d8aad7547f605ba1c.jpg

Зарина – батылдығымен сұлулығымен және айрықша ақылдылығымен аты шыққан пайтшайым. Зарина есімі ежелгі Ассирия, Мидия елдерінің Азиямен байланысы туралы деректерде көп айтылады. Сақ даласына көз тіккен талай патшаның тізесін бүктірген айбынды қолбасшы. Анталаған жауды ақылымен тоқтатып, бейбіт жол ұсынуына байланысты бейбітшілік елшісі атанғаны туралы деректер де жоқ емес. Заринаның көркі мен кемеңгерлігіне таң қалғаны соншалықты сақ даласына көптен бері көз жүрген Мидия елінің Стриангия  атты ханзадасы жаулапалу туралы жоспарынан бас тартып бейбітшілік туралы уағдаластық жасасыпты дейтін аңыздар да осының куәсі болса керек. Сонымен қатар, Заринаның сауда-саттықты жолға қойып, көптеген қалалар салдырғаны туралы деректер сақталған.

Қазақ қоғамына алғаш рет  Заринаның есімін таныстырып әрі оның сақ тайпасының даңқты патшайым болғанын дәлелдеп берген зерттеуші-ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» атты екі томдық еңбегінің алғашқы кітабында  Зарина мен Странгияның айрықша достығына біршама тоқталып өткен. Зерттеушінің айтуынша, Зарина Странгиямен аң аулап жүріп абайсызда кездесіп қалады.  Жалғыз өзі жаудың қоршауында қалғанына қарамастан шепті бұзып шығады. Бірақ көп ұзамай қара санына жебе тиіп атынан құлап түседі. Жалғызға жабылу – дәстүрде жоқ. Әскерін тоқтатып Странгия Заринаның соңынан жалғыз қуады. Қуып жетіп ашық айқасқа шығады. Арпалыс кезінде Заринаның басындағы дулығасы шешіліп кетіп, әйел затынан екені білініп қалады. Қарсыласының әйел екенін білген Странгия дереу есін жиып, қылышын жерге шаншып кешірім сұрайды. Жарасын таңып береді. Бірақ бұл кездесудің арты ыстық сезімге ұласады. Мидиялық ханзада ғашықтығын айтып, «жарым бол!» деп ұсыныс жасайды. Зарина тұрмыстағы адам екенін айтып ханзаданы мәңгілік досы етіп қабылдайды. Осыдан кейін екі арасында бейбітшілік орайды. Алайда Заринаны тағы бір рет көру үшін сақ даласына аяқ басқан Странгия Мәрмәрдің тұтқынына түсіп қалады. Қарсыласуға қауқары бола тұра Странгия қарсылық танытпайды. Өзі келіп беріледі. Әрине, бұған Зарина қатты қапаланады. Ақыры күйеуінен ханзаданы босатуын өтінеді. Оған көнбей күйеуі Странгияны өлтіруге ұмтылады. Амалсыз Зарина екі жақты тоқтату үшін оққағарларын жұмсайды. Осы айқаста Мәрмәр ауыр жарақат алып, қаза табады. Мидиялық ханзада бостандық алады. Бұған қатты толқыған Странгия «екеуіміз де еліміздің амандығы үшін үлкен құрбандыққа бардық. Адал сезіміздің белгісі ретінде патшалығымызды біріктірейік. Қосылайық!» деп ұсыныс тастайды. «Алайда ақылға жеңдірген Зарина «Мен сені ғана ұнатамын. Бірақ әйелің бола алмаймын. Екеуміз қосылсақ, сен хан боласың, мен ханым боламын. Есесіне елім де саған бағынышты болады. Мен бақытты болғаныммен, елім тәуелсіздігінен айырылып, бақытсыз болады. Мен үшін елімнің еркіндігінен артық ештеңе жоқ» деп өз байламын айтады. Ханзада да мұңға батып, өз еліне қайтады. Есесіне екі ел ұзақ уақыт бойы тыныштықта өмір сүреді. Осылайша, Зарина патшайым өзінің бақытын елінің бақыты үшін құрбандыққа шала біледі» дейді Т.Жұртбай.

Описание: https://e-history.kz/media/upload/ckimages/loaqdg2hsdvuzhekrek4tyvit(1).jpg

Кейбір деректерде Заринаны «амазонкалар» яғни тек қана жас қыздардан құралған жауынгерлер тобын жасақтағаны айтылады. Алма Қыраубаеваның «Ежелгі әдебиет» еңбегінде Заринаның патшалықты қолына алғаннан кейін қырық қыздан тұратын атты әскер жасақтады деген дерек бар: «Олар ерлерше киінетін болған. Үстеріне сауыт, бастарына дулыға, аяқтарына етік киіп, Зарина патшайымды қорғап жүріпті. Қырық қыздан құрылған атты әскер кез келген уақытта Зарина патшайымды қауіп-қатерден, бәле-жаладан сақтап қалуға тиісті болатын».

Белгілі зерттеуші Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, мұралайды көзге мұндай қыздар арнайы жасаққа  12-13 жасынан бастап алынған. «Көшпелі, жауынгер халықтың тіршілік дәстүріне байланысты, он үшке толған қыздар «арулар жасағының» қатарына алынып, садақ атуға, найза лақтыруға, қылыштасуға машықтанатын. Олар жеке шеп құрып, жауға қарсы соғысуға қатысатын. Қашан ұрыс майданында ерлік көрсеткенше тұрмысқа шықпайтын» дейді ол. Яғни олар әскерге алыну үшін алдымен садақ атуды, найза мен қылыш сілтеуді үйренген. Әбден шыныққан соң оларды нағыз батырларша шайқасу үшін әскер қатарына қосып майданға жіберіп отырған. Осындай мықты жаужүрек қыздардың бірінің есімі – Күнсұлу болғаны айтылады. Ол тікелей Заринаның оққағары болғанға ұқсайды. Ол небары 10 жасында қару асынып, 12 жасында қыздардан құралған жүздік жасаққа қолбасшылық еткен.

Описание: https://e-history.kz/media/upload/ckimages/51f49ed0068db018a80d4529d17fc244(1).png

Садақ ату, қылыштасу, найза лақтыру тәрізді әскери дағдыларды меңгермеген сақ қыздары тұрмысқа шықпайтын болған деген деректерді көне жазбалардан да көруге болады. Грек тарихшысы Ктесийдің, Геродоттың жазбаларында сақ тайпалары қыздарының батыл, өжет келетіндігі жазылған. Соғыс кезінде әйелдер бүкіл отбасын ғана емес майдан даласында жүрген жауынгерлерді де аң аулап асырайтын болған.

Иран елінде Зарина тағдырына байланысты туған «Зарина және Стриангия» деген атақты жыр да бар. Оның мазмұны бізге толық күйінде жетпесе де, қаһармандық эпос рухындағы туынды екені анық. Зарина патшайым өмірден өткен соң артында қалған ел-жұрты оның басына үшбұрышты пирамида орнатып қастерлеген. Орыс тарихшысы В. Н. Татищев (1686 - 1750) құрастырған сөздікте Заринаның таза алтыннан жасалған ескерткіші  болғаны жайлы дерек бар.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары