Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы әйелдерге қатысты қызықты статистиканы жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2,8 млн әйел үш өңірде тұрады
2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, елімізде 10 118 282 әйел бар. Олардың басым бөлігі (6,3 млн адам) қалада, қалғаны - 3,7 млн әйел ауылда тұрады. Әйелдердің саны жағынан үш өңір көш бастап тұр. Олар: Алматы қаласы - 1 157 823 әйел; Түркістан облысы - 1 040 069 әйел; Алматы облысы - 753 562 мың әйел.
Өмір сүру ұзақтығы қайта өсті
Қазақстанда қыз-келіншектердің орташа жасы 33,7 жасты құрайды. 2022 жылдың басымен салыстырғанда осы көрсетшкі 2,6 жылға ұлғайды.
"Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы карантин болған 2020-2021 жылдардан кейін қайтадан өсе бастап, 78,3 жасты құрады", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, биыл Қазақстанда жастар санатына кіретін адамдардың жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. Осы норма заңмен бекітілді.
Қазақстан әйелдері немен айналысады
Қазіргі кезде 4,3 миллион әйел жұмыс істейді. Көбісі білім беру саласында еңбек етеді. білім саласы – 851 мың әйел; көтерме немесе бөлшек саудада - 828 мың әйел; ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында - 451 мың әйел; денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында - 401 мың әйел; өнеркәсіп секторында - 328 мың әйел; өнер, ойын-сауық және демалыс саласында - 74 мың әйел.
Осы орайда маңызды бір статиситканы айта кеткен жөн, 849 мың әйел жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басшысы болып отыр. Бұл тіркелген бизнесмендердің 53,5 процентін құрайды.