3 наурызда азаматтардан банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталды. Яғни, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң күшіне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
2023 жылдың 9 наурызында сағат 9:00-дегі жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 11 177 өтініш түскен (eGov арқылы - 10 462, e-Salyq Azamat арқылы - 715).
Заң борышкердің төлем қабілеттілігін әртүрлі құралдар арқылы қалпына келтіруге мүмкіндігін қарастырады: соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы.
«Азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) келмей-ақ, электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Алайда, кейбір ХҚКО-ның маңында банкроттыққа құжаттарды рәсімдеу үшін ақылы, делдалдық қызмет көрсетуді ұсынатындар жиілеп кетті. Мемлекеттік кірістер комитеті соттан тыс банкроттық рәсімі (қарызы 5,5 млн теңгеден аспайтын) тегін жүргізілетінін хабарлайды», - делінген ведомство ақпаратында.
Банкроттық рәсімін қолдану тәртібі туралы ақысыз толық ақпарат алу үшін ХҚКО-ның операторларына немесе мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлеріне бару қажет.
Сонымен қатар, 1414 нөміріне телефон шалып, немесе Telegram чат-ботына жазу арқылы сұрақтарыңызды қоюға болады.
Банкроттық рәсімінен өту тәртібі туралы ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің және Мемлекеттік кірістер комитетінің сайттарында жарияланған.