10.03.2023, 16:00

Енді Президенттің сенімінен айырылған шенеуніктер мемлекеттік қызметтен үш жылға шеттетіледі

Фото ©Турар Казангапов
Артылған міндетті орындай алмай, жауапсыздық танытқандарға жазаның жаңа түрі қолданылады.

Мемлекеттік қызмет заңына «сенім жоғалтты» деген тәртіп енгізілді. Оған сәйкес елімізде президенттің «сенімін жоғалтқан» шенеуніктер енді мемлекеттік қызметтен 3 жылға шеттетіледі. Бұл отставка емес, тек жүктелген міндеттердің үдесінен шыға алмағаны үшін орынтағынан айырылады.

Әзірге мемлекеттік қызметтегі шенді-шекпендінің нақты қанша рет және қандай өрескел тәртіп бұзғанда мұндай жаза қолданатындығы нақтылануда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімін жоғалтқан ақ жағалылар жұмыстан үш жылға шеттетілетін болды. Яғни, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқармаса, Президент өзі тағайындаған билік өкілін жұмыстан босатады. Дәл осы үш жылда ол басқа мемлекеттік қызметте еңбек ете алмайды.

«Бізде саяси мемлекеттік қызметкерлер саяси отставкаға кете алады. Өзінің қалауымен не Президенттің шешімімен. Бірақ «сенімін жоғалтты» деген ұғым бізде заңда көрсетілмеген. Сондықтан да қазіргі таңда өзіне жүктелген міндетін немесе тиісінше орындамаған кезде ол «сенімін жоғалтты» деген нормамен кетеді.»,– деді ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаева.

Саясаттанушы Аман Мәмбетәлі бұл заңды қос қолдап қолдаймын дейді. Себебі, саяси жүйенің түрленуін бастан кешіп жатқан қазақ елі үшін бұл билік өкілдерін жөнге салудың таптырмас тетігі.

«Мына трансформация болып жатқан периодта адамның сенімі өте маңызды. Президенттің сенімін ақтап жатқан адамдар бұрынғы системадан қойылып жатыр ғой. Шыны керек оларға екінші мүмкіндік беріліп отыр. Ескі системаның адамдарына бұл «емтихан» сияқты»,– деді  саясаттанушы Аман Мәмбетәлі.

Парламент қарауында мемлекеттік қызметкерлердің орталықта байланып қалмай, еліміздің өзге де аймақтарында еңбек етіп, тәжірибе жинақтауы талқыланды. Себебі орталықтағы мамандар шалғай аймаққа барудан жалтарады. Бара қалса, жылы орынтақта отыруды әдетке айналдырған шекпенділер жергілікті мәселенің байыбына бара бермейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осылайша өңірлерде дендеген жемқорлыққа да тұсау саламыз деп отыр.

«Жалпы өңірлер мен ротация мәселесін қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі күні министрлікте істейтін көптеген азаматтар, министрлер өңірлерде жұмыс істемеген. Тәжірибесі жоқ, өңірлерде не болып жатқанын біле бермейді»,– деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Алдағы уақытта басшы мен орындаушы саны өзгеретін болды. Қазір әр мемлекеттік орган штат кестесін өздері бекіткенімен, саны шамадан артық екен. Енді арнайы аттестациядан өтпеген қызметкерлер жұмыстан қуылады.