Талдықорған қалалық сотында қаржы пирамидасын құрып, 76 адамның қаржысын жымқырған күдіктіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жетісу облыстық сотының мәліметінше, сотталушы Т. 2018 жылдың жазында «Q» халықаралық компаниясының сайтына тіркеліп, тәуелсіз өкіл куәлігін алған. Ол 2019 жылдың қазан айында Талдықорған қаласында азаматтарды өз компаниясына 690 000 теңгеден 860 000 теңгеге дейін жарна салуға үгіттеген. Бұл ретте Т. «Q» серіктестігінің әрбір мүшесіне апта сайын 200 АҚШ доллары көлемінде төлем жасап тұруға уәде берген. Қылмыстық схема бойынша әрекет ете отырып, әрбір қатысушы жаңа қатысушыларды тартуы қажет болды, яғни дивиденттер қаржы пирамидасына жаңадан енген қатысушылардан жасалуы керек.
“Т.-ның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде 76 азамат қаржы пирамидасына тіркеліп, жәбірленушілерге 61 миллион теңгеден астам шығын келтірілген”, – деп мәлім етті сот.
Прокурор сотталушыға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы Т. кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.
“Т.-ның жасаған қылмысы заң бойынша 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген ауыр қылмыстар санатына жатады. Сотталушының кінәсі жәберленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен және қылмыстық істің басқа да зерттелген материалдарымен дәлелденеді. Асырауында кәмелетке толмаған екі баланың болуын, алғаш рет қылмыс жасауын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот Т.-ны кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.