Қарағандыда алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасарына қатысты іс тыңдалды. Сот оны кінәлі деп таныды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қылмыстық іс Қарағанды қаласының Октябрь аудандық сотында қаралды. Белгілі болғандай, сотталушы прокурормен кінәсін мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасаған. Сондықтан қылмыстық іс келісу сатысында қысқартылған тәртіппен қаралды.
«Сотталушы Қылмыстық кодекстің («Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам жасаған алаяқтық») 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 4 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындалды», - деп хабарлады Октябрь аудандық сотынан.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда пара алды деген күдікпен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне жетекшілік еткен Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасары ұсталды. Оны ұстау туралы Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев хабарлады.