14 наурызда ауа райының бұзылуына байланысты «Қазгидромет» РМК бірнеше өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақмола облысының солтүстігінде, батысы мен оңтүстігінде тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндіз өңірдің солтүстігі мен батысында екпіні 15-20 м/с құрайды.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында тұман болады.
Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында шаңды дауыл күтіледі. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде екпіні 15-20 м/с құрайды.
Күндіз Ақтөбе облысының басым бөлігінде жауын (жаңбыр, қар) жауады. Облыстың солтүстігінде көктайғақ болжанады. Желдің бағыты оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың батысы мен оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с құрайды. Өңірдің оңтүстігінде 10-15 градус жылы болады.
Түркістан облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман күтіледі.
Түнде және таңертең Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында тұман, көктайғақ болады. Жел солтүстік-батыстан, солтүстіктен соғады, күндіз облыстың оңтүстік-шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды.
Түнде Маңғыстау облысының батысы мен орталығында тұман болады.
Күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында шаңды дауыл тұрады. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан жел соғады, өңірдің солтүстігі мен шығысында күші 15-20 м/с құрайды.
Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, батысы мен оңтүстігінде жауын жауып (жаңбыр, қар), көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең тұман болжанады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, батысы мен оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с құрайды. Ауа температурасы күндіз 0-5 градус жылы болады. 15 наурызда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Желдің жылдамдығы 23-28 м/с күшейеді.
Сондай-ақ Жамбыл, Жетісу Алматы облыс тар ы мен Алматы қ аласы маңындағы таулы аймақтарда қатты жаңбыр жауып, тау беткейлерінен тасқын су ағады, өзен-көлдерде су деңгейі көтеріледі.
Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан, Абай (Бородулха, Бесқарағай, Аягөз және Ақсуат аудандары), Ұлытау және Қарағанды облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, күн кұрт жылынады. Соған байланысты қар қарқынды еріп, тау беткейлерінен тасқын су ағады, өзен-көлдерде мұз әлсіреп, су деңгейі көтеріледі. Бұл ретте су арнасынан тасып, жайылуы мүмкін.