Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Шахан елдімекеніндегі апат болған үйге келді деп жазады Informburo.kz. Шахтинск қаласының іргесінде орналасқан ауылда кеше көпқабатты үй қирап, салдарынан 9 адам қаза тапқан болатын.
Қазіргі таңда осынау төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған.
"Қазір Шахан елдімекеніндегі №3 шағынауданда орналасқан №4 үйдің қирандыларын құтқарушылар аршып жатыр. Өкінішке қарай, қаза болғандар бар, қазірге дейін 9 адамның мәйіті табылды. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Үйдің жертөлесіне дейін аршу тапсырылды. Өйткені, жарылған қазандық жертөледе. Бұл өз кезегінде апаттың себебін анықтауға көмегін тигізеді, - деді облыс әкімі.
Апаттан аман қалғандар туыстарының үйлеріне жайғасқан. Ал, қайтыс болғандардың тізімінде жоқ өзге тұрғындарды іздеу шаралары жалғасып жатыр.
"Бірінші, екінші, үшінші подъездегі пәтер тұрғындары және қираған төртінші подъездің аман қалған тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды, олар қазір туыстарының үйінде. Сондай-ақ, мешіт пен балабақша ғимаратына жайғастыруға да мүмкіндік бар", - деп атап өтті Н.Әбдібеков.
Облыс әкімі қайтыс болғандардың жақындарына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бір күнде бірнеше туысынан айрылған жандар бар.
Естеріңізге салайық, Шахтинск қаласының іргесіндегі Шахан ауылында кеше түнде көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып қалған болатын. Салдарынан 9 адам қайтыс болды.