$ 490.84  536.88  5.04

«Бәріміз біріміз үшін». Атыраулық құтқарушылар көмекке аттанды

Ақсай қаласындағы құтқару жұмыстары әлі де жалғасын тауып жатыр.
Фото: Атырау ТЖД
Фото: Атырау ТЖД

Биылғы көктем еліміздің Батыс өңірін әбден әуреге салып тұр. Қардың жылдағыдан көп мөлшерде түсуіне байланысты Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының кей өңірлерін тасқын су басып жатыр. Табиғи апат болған кезде бірінші болып іске кірісетін – құтқарушылар. Батыс Қазақстан облысындағы жағдайдың күрделілігіне қарай кейбір өңірлерінде, сондай-ақ Орал қаласының өзінде  де төтенше жағдай жарияланған болатын. Қанша жерден құтқару қызметкерлері мен техникалар жұмылдырылғанмен тасқын судығ бетін қайтару әзірге мүмкін болмай отыр. Осы орайда, жұмыла көтерген жүк жеңіл, деген желеумен атыраулық құтқарушылар көмекке аттанды. 

Қол ұшын созуға аттанған құтқарушылар туралы ақпарат алу үшін Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Фаруза Кайроллинамен редакция байланысқа шыққан еді. Айтуынша, атыраулық құтқарушылардың Батыс Қазақстан облысында қашанға дейін болатыны әлі де белгісіз, барлығы жағдайға байланысты. 

«Наурыздың 13-інде Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары елді мекендерді еріген қар суы басуына байланысты көрші облысқа көмек көрсету мақсатында жолға шықты. Нақтырақ айтсақ, елуге жуық қызметкермен бірге тоғыз техника, үш үрмелі қайық және жеті мотопомпа кетті». 

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өс және АҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары азаматтық қорғау майоры Досмаганбетов Тілекқабыл Сапарғалиұлының тікелей басшылығымен құтқарушылар өз жұмыстарын бірнеше жерде атқарып жатыр. 

«Көшелердегі суды ПНС-110 автокөлігімен сору жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, БҚО Қаратөбе ауданында құтқарушылар үрмелі қайықпен каналдың арғы бетінде қалған тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, құм толтырылған қапшықтар төсеп, бөгеттер жасауда», - дейді баспасөз хатшысының қызметін атқарушы. 

Фаруза Кайроллинаның мәлімдеуінше құтқару жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Ақсай қаласындағы құтқару жұмыстары әлі де жалғасын тауып жатыр. Атырау облысы ТЖД қызметкерлері көшелердегі, тұрғын үйлер аумағындағы жиналған қар суын сору жұмыстарын әлі де бөгеп, тасқынның салдарымен күресуде. 

БҚО-да болып жатқан су тасқынымен күресу жолында атыраулық құтқарушылар әлі де болсын бей-жай қалмайтынын жеткізді. Тағы да құтқарушылар жіберу нақты жоспарда болмағанымен, жағдайға қарай шешім шығарылады. 

Қандай да бір апат бола қалған жағдайда көмекке асығатын құтқарушылардың арқалаған жүгі қашан да ауыр. Әсіресе, халыққа қауіп тудыратын табиғи және техногенді апаттар кезінде оларға міндеттің ең қиыны тапсырылады. Ал мамандыққа адалдық таныту төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын негізгі талап. 

«Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалдыңыздар. Сондықтан ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық. Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін», - деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылар жұмысын жоғары бағалап, сенім білдіріп келеді. Сондай-ақ, жалақыларын 70% көтеруге де тапсырма берді. Мұнымен шектеліп қалмай, ҚР Үкіметі Қазақстандық құтқарушыларға жұмыстағы қауіп-қатер үшін қосымша ақы төленетіні туралы қаулы қабылдады. Мұның барлығы құтқарушылар қызметіне мемлекеттің сөзбен ғана емес, іспен де жанашыр екенінің дәлелі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары