Ақтөбе облысындағы Қобда ауданының Байтақ, Қосөткел, Херсон ауылдары 13 наурыз күні сағат 22:00-ден бері электр тогынан ажыратылды. Болжам бойынша бірнеше бағана құлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақтөбе облысындағы су тасқынына қарсы жұмыс жалғасып жатыр. Жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған Қобда ауылында қазіргі арнайы комиссия өз жұмысын бастады. Тұрғындардың арыз-шағымдары қабылданып, құжаттары жиналып жатыр.
«Мүлікті бағалау жүргізетін компаниямен келісімшарт жасалды. Ертеңнен бастам әрбір үйдің шығыны есептеледі. Қазіргі кезде Байтақ ауылына қатынас шектелді. Кеше оларға маторлы қайықпен барып, азық-түлік апарып бердік. Ал электр энергиясы туралы айтар болсақ, ауылға электр тогы Қобда ауылындағы қосалқы станция арқылы тартылады. Негізгі тірегі су ішінде қалды. Бүгін өзен қайта бастады. Алдағы 2-3 күнде су қалыпқа келіп, біз жарықты қосамыз деп ойлаймыз. Ауылда үйлерді су басқан жоқ. Мұнда шамамен 220 үй бар», - деді Қобда ауданының әкімі Болат Құлов.
Сонымен бірге мамандар Қосөткел, Херсон ауылдарында жарық жоқ екенін хабарлады. Себебі бағаналар су астында қалып, кейбірі құлаған.
«Қазір біз нақты жағдайды бағамдай алмай отырмыз. Қобдада 32 елдімекен бар. Онда 17 қосалқы шағын станция орнатылған. Үш ауылда жарық 13-наурыз күні сағат 22:00-ден бастап сөнді. Негізгі станцияға да қауіп төніп, біз бірнеше күн бойы жан-жағын бекіту жұмысын жүргіздік»,- деді сала маманы.
Сонымен бірге Жарық ауылында қатынас шектелді. Жолды су шайып кеткен.
«Маторлы қайықпен арғы бетке өттік. Ауыл тұрғындарымен кездестік. Жарық бар, су бар. Өзен жағадан шығып, жолды жайлады. Көпір бұзылмады. Жарық ауылында гирдотехникалық құрылғы орнатылған. Мұнда 3400 көлтаман, суармалы жер бар. Қажетті су жиналып жатыр», - деді аудан әкімі.
Ойыл ауданының Ойыл өзенінде де су көтерілді. Жолын су шайған ауыл да бар.
«Ойыл-Қаратал аудандық маңызы бар жолдың бір бөлігін су шайып, көлік қатынасы уақытша шектелді. Жалпы ауданда үш елдімекен қаупі жоғары аумаққа кірді. Бірі – Екпетал ауылы. Мұнда ешбір үйге су кірмеді, бірақ қауіп болған соң 105 тұрғын эвакуацияланды. Бәрі аудан орталығындағы мектеп-интернатқа орналастырылды. Тұрғындардың жатын орны, тамағы бар. Мал да қауіпсіз аймаққа шығарылды. Екіншісі – Қаратал ауылы. Мұнда 1 км бөгет салынды. Үшіншісі – Ақкемер ауылы. Ол жерден су өтті», - деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.