Қазақ жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірген Жұмабек Тәшеновтің бүгін туғанына 108 жыл толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенов (20 наурыз 1915 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданы Танакөл ауылында (Бабатай қыстауында) туған - 18 қараша 1986 жылы Шымкент қаласында дүниеден озған) — мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты (1962). Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген.
Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды.
“Қазақ әдебиеті” газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. “Ұлтшыл” деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961 – 1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде “Қаракөл” ғылыми-зертханалық институтында, Түркістан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбаев Ж.Тәшенов республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректермен көрсетеді. Осы жылдары электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті.
Басқа ерліктерін былай қойғанда егер 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде Қазақстан кемінде өз жерінің үштен бірінен айрылар еді. Болашақта тәуелсіз еліміздің бас қаласы болатын Целиноград қаласы жат қолында қалар еді. Міне, сондықтан халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру бүгінгі ұрпақтың парызы.