2023 жылғы 1 наурыздағы дерек бойынша Қазақстан аумағында 13 403 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 565 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 966 рұқсат (екінші санат). Тартылған шетелдік жұмыс күшігің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 199 және 883 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 391 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 399 адам тартылды.
“Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 640 жұмыс беруші бар. Оларда 409 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы”, – делінген ведомство хабарламасында.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 494 адам (41%); тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 455 адам (11%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 995 адам (8% ); өңдеу өнеркәсібі – 889 адам (7%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 641 адам (5%).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 411 адам, Үндістан – 1 685 адам, Түркия – 1 523 адам, Ұлыбритания – 1 073 адам, Өзбекстан – 769 адам.