Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысының тұрғыны Ғизат Есмұратов пен полиция қызметкерлерінің арасындағы болған төбелестің видеосы пайда болды. Жарты минуттық видеода полиция қызметкері Ақтау қаласының тұрғынын бірнеше рет итергені анық көрініп тұр, деп хабарлайды lada.kz.
Жол ережесін бұзған жүргізушіні осылайша жазалауды жөн көрген. Кейіннен анықталғанындай, көлік иесі жылдамдықты тым асырып, полицейлер тоқтатпақ болғанда үйіне қарай тұра қашқан екен.
Оның соңына түскен полицейлер көлігімен ауласына дейін кіріп барған. Ашуға мінген полиция қызметкері, тіпті, итергеннен ары, жұдырықтап та жатты. Осылайша жүргізуші жігіт өз үйінің алдында таяқ жеп қалды.
Енді Ғизат Есмұратов жол ережесін бұзған үшін қомақты мөлшерде айыппұл төлейтін болды.
Ал видеоның авторы Ғизат Есмұратов бұл ұрыстың өз нұсқасын былай деп баяндайды:
— 27 мамыр күні, түнде мен ағамды вахтадан қарсы алуға барғанмын. Оны үйіне апарып, таңғы алтыда үйге қайттым. Автодром ауданы маңында полицейлердің көлігі тұрды. Полиция қызметкерлерінің бірі ішімдікке тойып алған секілді көрінді. Себебі, кіші дәретін сындырып, көлікке қарай қиқаландап келе жатты. Екіншісі фурашкісіз ысқырып, мені жәй ғана қолымен тоқтатпақ болды. Әрине, мен тоқтамай өтіп кеттім. Үйге жете бергенімде, артымнан полицейлердің көлігін көрдім. Артымнан қуып келе жатыр екен. Мен үйге келіп, қақпаны жабайын дегенмін. Бірақ, олар маған қақпаны жабуға мүмкіндік бермей, «жылдамдықты асырдын» деді. Мен оларға «дәлелдеңіздер радармен» деп, оларды камераға түсіретінімді айттым. Сол кезде капитан көліктен шығып, менен телефонымды тартып алуға талпынды. Бұл видеода бар. Далаға көршілерім шыға бастағанда, полиция қызметкерлері хаттама, ештене толтырмастан кете берді.
Жүргізушінің сөзінше, ол бұған дейін 11 рет жол жүру ережелерін бұзған үшін айыппұл төлеген.
— Мен ешқашан айыппұлдардан қашқан емеспін. Егер шынымен бірденені бұзсам, әрқашанда қолымды қойып, хаттамамды алып кететінмін — дейді Ғизат.
Қазіргі уақытта әділдік іздеп жүрген Ғизат Есмұратов қол жұмсаған полицейлердің жазалатынына үміттенеді.
— Мен арыз жазуға қорыққанмын. Себебі, полиция өздерінің қызметкерлерін жақтаушы еді. Ал қазір бұл бейнебаян БАҚ қолына түскендіктен, соңына дейін барамын, — дейді ол.
Ал, ІІБ-нің баспасөз қызметі Есмұратов полиция қызметкерлерін әдейі мұндай әрекетке итермелеп, барлығын ұялы телефонының камерасына түсіріп алғандығын мәлімдеп отыр.