Биыл елiмiзде доп шығаратын шағын зауыт іске қосылмақ. Қазақстанда жасалған доп жыл соңында бiздiң қолға тиюi мүмкiн. Бұл туралы бүгiн ОКҚ брифингi барысында ҚР Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгiнiң төрағасы Тастанбек Есентаев мәлiмдедi, деп хабарлайды Bnews.kz.
Елiмiзде соңғы кездерi спорт саласына баса назар аударылып келедi. Спорт майталмандарын дайындаумен қатар, спорттық инфрақұрылым да оң жолға қойылған. Жаңадан бой көтерiп жатқан спорт нысандары соның айқын дәлелi. Сонымен қатар осы салада спорттық құрал-жабдықтарды шығару соңғы жылдары ерекше дамып келеді. Мәселен, агенттiк төрағасының айтуынша, биыл түрiк компанияларымен бiрлесiп, спорттық велосипедтер мен шаңғы шығаратын шағын зауыттарды салу жоспарланған. Сондай-ақ, отандық компания доптарды шығарумен айналыспақ.
— Биыл «Қазспорт технолоджи» компаниясы доптарды шығаратын шағын зауыт ашады. Инвестицияның жалпы құны - 130 млн АҚШ доллары. Зауыт Алматы қаласында бой көтереді. Онда баскетбол, волейбол, футбол доптары шығарылады, — дейдi Т.Есентаев.
Елiмiз бойынша әр екi балаға бiр доптан келуi керек екен. Зауытты салудағы басты мақсат осы болса керек. Отандық доппен футбол ойнайтын күн де алыс емес.
— 2,5 млн. баланың әр екеуiне бiр доптан келуi керек. Бiз осы мақсатты көздеймiз. Осы тұрғыда бiз бiрлесiп жұмыс істейміз. Зауыт жыл соңына дейiн салынып бiтедi. Биылдың өзiнде өндiрiстiң iске қосылуы әбден мүмкiн, — дейдi агенттiк төрағасы.