Оңтүстік Қазақстан облысында Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы былтыр қыркүйек айында ашылған болатын. Содан бері өңірдің тұрғындары өз автокөліктеріне 100-ден астам VIP-номер сатып алған.
Мұнда автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алуға қатысты барлық мемлекеттік қызметтерді бір мезетте бір кешеннен ала алады. Мамандандырылған ХҚКО-да теориялық және тәжірибелік емтихандарды тапсыру процестерін автоматтандыру адами факторларды толықтай жойып, оны барынша айқын етуге мүмкіндік береді. Мұнда азаматтардың уақыты үнемделіп, бар-жоғы екі сағаттың ішінде ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға болады.
Бүгінге дейін сатылған 115 VIP-номердің бағалары әр түрлі: ең арзаны - 300 мың теңгеден басталып, шарықтау бағасы 500 мың теңгеге дейін жетеді.
Осы қысқа уақыт аралығында ХҚКО мамандары 16 мың көлікті тіркеуге алып, 6,5 мың азаматқа жүргізуші куәлігін берген.