26.03.2023, 05:30

Алматылықтар ауызашар мәзірінің бағасы шарықтап кеткеніне наразы

Фото: pixabay
Бір адамға шамамен 8-10 мың теңге деп тұр.

Алматы тұрғындары мейрамханалардағы ауызашар мәзірі бағасының шарықтап кеткенін айтып, наразылықтарын білдірді. Айтуларын, қазір кешкі астың құны бір адамға 10 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Алматылық Абылай Палмағамбетов өзнің тоғыз жыл қатарынан ораза ұстап келе жатқанын айтады. Сөзінше, соңғы төрт жылда ауызашарда тұрақты түрде мейрамханалар мен дәмханалардан тамақтанады екен. Алайда бұл жолы мекемелердегі баға қолжетімсіз болып кеткенін жеткізді.

“Ораза басталмас бұрын ағайын-туыс, дос-жаранды ауызашарға шақырайын деп көптеген дәмхана, мейрамханаларды араладым. Бірақ бағасы қолайлы мекеме таба алмадым. Бір адамға шамамен 8-10 мың теңге деп тұр. Бұл мүлде қалыпты баға емес қой. Тура екі-үш ай бұрын бір адам үшін кешкі ас құны шамамен 5 мың теңге тұратын. Ифтар ас мәзірінің бағасының бұлай күрт көтерілуіне не себеп?", - деп ашуланды Абылай Палмағамбетов.

Ал кәсіпкерлер бағаның өсуіне азық құнының шарықтау себеп екенін айтады. Мәселен, ет пен көкөніс бағасының өсуі шығынмен жұмыс істеуге кедергі екен.

"Қазір картоп, пияз сияқты барлық өнімдердің көктемгі қымбаттауы байқалады. Себебі бір өнімнің маусымы бітті. Ал екінші өнім сөрелерде әлі пайда болған жоқ. Сондықтан пияз осыған дейін 150 теңге болса, алда 350 теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Бұл – маусымдық бағалар. Бізге де сәл пайда тауып, жұмысшыларға жалақы төлеуіміз керек", – деді Қазақстан Рестораторлар клубының мүшесі Зульфия Юсупова.

Рестораторлар бағаны ұстап, төмендету үшін үкіметтің араласуы керек екенін алға тартты.