$ 498.34  519.72  4.85

Оразадағы тамақтанудың 7 ережесі - Нутрициолог кеңесі

Көп тамақтану ас қорыту жүйесі мен асқазан ауруларын тудырады.
Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Оразада қалай тамақтану керек? Нутрициолог Лаура Сейітбек өзінің инстаграм парақшасында оразада тамақтанудың негізгі ережелерін ұсынды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

1. Аузыңызды құрмамен ашыңыз

Құрма – көмірсу көзі болғандықтан, ал сіз күні бойы аш жүргендіктен, ол бойыңызды сергітіп, келесі күні ресурсты болуыңызға көмектеседі.

Пайғамбарымыз (с.а.у): «Оразаларыңды құрмамен ашыңдар, өйткені ол береке. Егер құрма табылмаса, онда сумен ауыз ашыңдар, өйткені ол тазалушы» деген. (Ибн Мажә)

2. Жеткілікті мөлшерде су ішіңіз

Ауыз ашардан кейін және сәресіне дейін ағзаңызға қажетті мөлшерде су ішуге тырысыңыз.

3. Шөлдететін өнімдерден бас тартыңыз

Консервілер, тұзды жаңғақтар мен балықты тұтынбауға тырысыңыз. Сонымен қатар дәмдеуіші көп қосылған ас та шөлдетеді. Сондықтан көкөністер мен жемістер жеңіз. Ол шөліңізді басып, ағзадағы су тапшылығын азайтады.

4. Асықпай тамақтаныңыз

Күні бойы аш жүргендіктен, бірден көп тамақ жеу ағзада күйзеліс тудырады. Аузыңызды құрмамен ашып, артынан су ішіп, сорпа мен салат жеген абзал. Біраз уақыт өткен соң негізгі асты ішсеңіз болады. Көп тамақтану ас қорыту жүйесі мен асқазан ауруларын тудырады. Ал ауызашардағы сорпа – ағзаға қажетті қоректі заттарды толықтырып, асқазанды келесі асты қорытуға дайындайды.

5. Ас мәзірінде пайдалы өнімдер болсын

Рационға міндетті түрде көкөніс пен жеміс-жидектер қосып, қуырылған, ащы және майлы астан аулақ болыңыз. Ас мәзіріңізде міндетті түрде ет, дәнді-дақылдар және жұмыртқа болсын. Себебі бұл өнімдер ағзаға қажетті протеиндерге бай.

6. Тәттілерді азайтыңыз

Ауыз ашардағы тәттілер ішіңізді кептіріп, ас қорытуды нашарлатады. Оған қоса, қандағы глюкозаны да көбейтіп, тәттіқұмарлыққа әкеледі. Егер қатты тәтті жегіңіз келсе, онда ауыз ашқаннан соң 2-3 сағаттан кейін жеңіз. Жалпы тәттілерді құрма, кепкен жемістермен алмастырған жөн.

7. Кофені азайтыңыз

Ораза кезінде кофені аз ішіңіз. Себебі ол ұйқысыздық пен бас ауруына әкеледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары