Майами WTA 1000 турнирінің финалисі, Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакинаның қанша табыс тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші осы мастерс жарысында 662 мың АҚШ доллары мен 650 рейтингілік ұпайға ие болды.
Дүйсенбі күні жаңартылатын дүниежүзілік рейтингте Е.Рыбакина өзінің 7-орнында қалады.
Турнир жеңімпазы, чехиялық Петра Квитова 1,2 млн АҚШ долларымен қатар 1 мың рейтингілік ұпайды еншіледі. Ол әлемдік рейтингте 12-ден 10-сатыға көтеріліп, үздік он теннисшінің қатарына қайта кіреді.
OptaAce сайтынан алынған мәліметке қарағанда, П.Квитова 33 жастан асқан шағында Майами додасын ұтқан екінші теннисші атанды. Ол атақты америкалық спортшы Серена Уильямстің 2015 жылғы нәтижесін қайталады.
Сондай-ақ Елена Рыбакина бір жылда үш бірдей ірі жарыстың финалына шыққан алтыншы теннисші атанды.