Екібастұзда лық толы автобуста ер адам колледж студентіне шабуыл жасады. Қазір полиция бұл дерек бойынша тексеріс жүргізіп жатыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Болған оқиға туралы әлеуметтік желіде қыздың анасы мәлімдеді. Сөзінше, оқиға 31 наурызда таңертең, кәмілетке толмаған студент курстастарымен бірге колледжге бара жатқанда болған.
Жәбірленушінің айтуынша, қыз ер адамнан итермеуін сұрап, ескерту жасаған. Сол сәтте ер адам шабуыл жасаған екен.
"07:40-та "Қазақстан" аялдамасына жақындап қалғанбыз. Автобус лық толы еді, мен ортасында есікке жақын жерде тұрдым. Жанымда әже мен кішкентай бала бар еді. Шабуылдаған ер адам артта тұрып, бізді қатты итерді. Әжей оған бастап еді, кейін мен иығынан түртіп, итермеуін сұрадым. Бірақ ол тап беріп, қылқындыра бастады. Сол сәтте жанымда өзге еркектер болса да, маған ешкім көмектеспеді. Босап шығу үшін аяғынан тептім. Автобустың есігі ашылғанда сыртқа шыққым келді. Бірақ ер адам мені айналып өтіп, теуіп жіберді", – деп баяндады жәбірленуші Tengrinews.kz басылымына.
Айтуынша, аялдамада ер адам студентті тағы ұрғысы келген.
"Жылап кетіп жаттым, оған ұрыстым, ол маған қарай бұрылып, жұдырықпен ұрғысы келді. Дегенмен өтіп бара жатқан ер адам мұны көріп, көмекке шақырды. Алдымен бір ер адам, сосын тағы екеуі жүгіріп келді. Курстастарым мені алып кеткенде ер адамдар оны ұстап тұрды. Қатты қорқып, полиция шақыру туралы да ойламадым. Маған шабуыл жасаған ер адамды босатқан соң автобусқа мініп кетті. Кейін куәгерлерден оның автобусты қуып, терезесінен ұрғанын білдім", – деп қосты студент.
Сол күні қыздың ата-анасыч полицияға шағымданған.
"Қызымның тамағы ауыра бастады. Күйзеліс кесірінен автобусқа жалғыз мінуге қорқады", - деп қосты анасы.
Екібастұз полициясы бұл дерек бойынша тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді.