Түркиядағы жойқын зілзаладан кейін елімізде сейсмоаудит жұмыстары күшейтіліп жатыр. Өйткені ел аумағында жер сілкінісі қатері төніп тұрған өңірлер аз емес. Солардың бірі - Алматы өңірі, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, Алматыда 9 балдық жер сілкінісі бола қалса, ғимарттардың үштен бірі жермен-жексен болуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының айтуынша, Аоматы қаласы 27 түрлі қауіпті техногендік плитаның үстінде орналасқан.
«Алматы 27 қауіпті техногендік плитаның қосындысында орналасқан. Бұл негізінен қаланың таулы аудандары. Өзгелеріне қарағанда барынша қауіпсіз аудан – Түріксіб ауданы. Қалған Медеу, бостандық аудандары, басқалары да плиталардың қосындысында орналасқан. Бұл орындарда қауіп айтарлықтай жоғары. Жер сілкінісі бола қалса, қаланың 60-70 пайызы қирандыға айналады деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ болжау деректері бойынша, 9 және одан да жоғары апаттық зілзала болған жағдайда тұрғын ғимараттары 30% дейін қирауы мүмкін. Осыдан-ақ қандай шығын келетінін есептеуге болады», - дейді Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.
Әсіресе, Алматының жоғарғы бөлігі тым қауіпті. Ол жерге биіктігі 9 қабаттан артық құрылыс салуға мүлдем болмайды. Қала әкімі Досаевтың айтуынша, осыған байланысты алдағы құрылыс компанияларына қойылатын талаптар күшейтіліп отыр. Сонымен қатар дайындық жұмыстары да жылдан-жылға жақсарып келеді. Тек өткен жылдың өзінде ғана ғана төтеншелік мамандар 3 жарым мыңнан аса сейсможаттығу өткізген екен.
Биыл да бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні қарсаңында төтеншеліктер арнайы іс-шара өткізіп, көпшілікке өздері қолданып жүрген құтқару техникасын таныстырды.
«Біз қараша айынан бастап каскадты түрде халықты жер сілкінісіне, төтенше жағдайлар, өрт кезінде қалай іс-қимыл жасау керек туралы оқыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі кезде 800 мыңдай адам каскадты түрде оқытылды. Бүгінде Алматы қаласында халықты хабарландыратын орталықтанған жүйе іске қосылды», – деді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков.
Биыл Алматыда осыған дейін пилоттық режимде жұмыс істеп келген Darmen жүйесі толыққанды іске қосылады. Төтеншеліктер мобильді қосымша арқылы елді түрлі төтенше жағдайда хабардар етіп отырмақ. Оған қоса, биыл еліміздегі университеттің бірінде оқу сыныбы ашылды. Енді жоғары оқу орнында 10 мыңнан аса адамға жоспарлы түрде қауіпсіздікке байланысты сабақ өткізіледі. Сондай-ақ, техникалық университет Түркияда ерекше ерлік көрсеткен 5 құтқарушыға білімін жетілдіру мақсатында грант бөлді.
«Түркияда зілзала болғанын өздеріңіз білесіздер. Сол жерде ерекше еңбек көрсеткен, батырлық іс-қимыл жасаған төтенше жағдайлар қызметкеріне 5 университеттің грантын бөліп жатырмыз. Төтенше жағдайлар қызметкерінің көбісі колледж бітіріп, содан қызмет жасап жатыр», – деді Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚАЗҰТЗУ проректоры Ержан Күлдеев.
Мектеп демекші, қаладағы тиісті нормаға сай келмейтін медициналық мекемелер мен мектептердің сейсмикалық төзімділігін арттыру жұмыстары қолға алынып жатыр.
ҚР ТЖМ Юрий Ильин осы мақсатта Алматыға арнайы барып, жер сілкінісі секілді апатты кезінде қолданылатын құрал-жабдықтарды да арнайы көріп, жоғары баға беріп кеткенін айта кету керек. Сонымен қатар сол сапарында Түркиядағы құтқару операциясына қатысып келген мамандарды марапаттады.
Түркиядағы жойқын зілзала салдарын жоюға елімізден 2 эшелон жіберілгені белгілі. Апат болған аймақтарда жұмыс істеген 100-ге тарта құтқарушының 40-қа жуығы осы Алматы қаласынан аттанған болатын. Олар 7-19 ақпан аралығында Газиантеп пен Хатай қалаларындағы және Нурдагы ауданындағы құтқару операциясына қатысып, қаншама адамның өмірін құтқарып қалды.
«Расында, олар өз ісінің нағыз мамандары екенін дәлелдеді. Мұны біз ғана емес, Түркияның өкілдері де айтты. Қазақстандықтар зардап шеккен тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып қана қоймай, медициналық көмек те көрсетті. 7 тұрғынды құтқарды. Қиранды астынан 80-нен астам адамның мәйітін тапты», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин ерлікпен пара-пар іс атқарған батырларды марапаттап тұрып.
Ал құтқарушылар Түркияға марапат алу үшін бармағандарын айтады. «Басты мақсат марапат алу емес, басты міндет - құтқару. Біз бірінші топпен Газиантеп қаласына аттандық. Зілзала болған аймақта қиранды арасынан адам іздеу және құтқару операциясын жүргіздік», – деді ҚР ТЖМ Республикалық жедел құтқару жасағы кинология бөлімінің бас құтқарушысы Ерік Берлібеков.
ҚР ТЖМ Юрий Ильиннің айтуынша, әзір тыныш деп қаперсіз отыруға болмайды.
«Бізде бәрі жақсы деп қам-қаперсіз жүруге болмайды. Құтқарушыларымыздың дайындығын арттыру керек. Қызметкерлердің тиісті жабдықпен қамтамасыз етілуін назарға алған жөн. Алматы мен кейбір өңірлерде зілзала қаупі сақталады. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақында ғана комиссиямен және әкімдік өкілдерімен жиналыс өткіздік. Басты міндет – сейсмикалық нормаға сай келмейтін медициналық мекемелер мен мектеп ғимараттарының жер сілкінісіне төзімділігін арттыру», – дейді ҚР ТЖМ Юрий Ильин.