Жетісу облысында өз жұбайын ауыр жарақаттаған азамат ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған дерек Кербұлақ ауданында тіркелді. 4 сәуірге қараған түні Шаған ауылынан 54 жастағы әйел ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер науқаста көптеген жарақат мен дене сынықтарын анықтап, диагноз қойды.
Белгілі болғандай, әйел азаматтық некедегі жұбайынан зардап шеккен, оны тәртіп сақшылары түсініктеме беру үшін аудандық полицияға жеткізді. Ерлі-зайыптылардың арасында алкогольдік ішімдік ішу кезінде жанжал туындап, оның соңы төбелеске ұласып кеткені анықталды.
«Ұсталған ер адамның айғақтарына сәйкес жәбірленушіге балтамен зақым келтірілген, ол оқиға орнында табылды және іс материалдарына тіркелді. Қажетті сараптамаларды тағайындай отырып, тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша жүргізіледі», – деді Кербұлақ аудандық полициясының бастығы Ербол Ахметқалиев.