Премьер-министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында құтқарушылардың зейнет жасы төмендейтінін мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.
«Құтқарушылардың зейнет жасына келсек, қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге құтқарушыларды азаматтық қызметшілер санатынан азаматтық қорғаныс санатына өткізу мәселесін пысықтап жатыр», – делінген жауапта.
Үкімет басшысының айтуынша, осының арқасында құтқарушылардың зейнетке шығу жасы қысқарады.
«Аталған өзгеріс құтқарушыларды әлеуметтік кепілдендіру шараларын жетілдіреді. Оның ішінде еңбек өтілі бойынша (25 жыл) немесе шекті жасқа (48 жас) жетуіне байланысты зейнетке шығуға құқық береді. Сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерлеріне берілетін өзге де жеңілдіктер ұсынылады», – деді премьер-министр.