Шымкентте 10 қаңтардан бастап «Дауыл» операциясы жүргізілуде. Аталған шараның мақсаты - жолдарда тәртіп орнату. Қазір қаланың орталық көшелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бұл операция 15 қаңтарға дейін жалғаспақ. Алайда, алғашқы тәуліктің нәтижесіне полицейлердің өздері жаға ұстап отыр, тәртіп сақшылары бір күнде 80 көлікті айыппұл тұрағына жапқан.
Қазір Шымкент көшелерін «Крис П» деген жаңа радармен жабдықталған екі көлік аралап жүр. «Автоураган» кешендері жүріп бара жатқан көліктердің бұған дейін бұзған жол ережелерін де анықтай алады. Яғни, мемлекеттік номері арқылы айыппұл қарыздарын, салықтық қарыздарын анықтап, лезде қондырғы мониторына шығарып береді.
ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің инспекторы Мақсат Сүлейменовтің айтуынша, 1 сағаттың ішінде жол сақшылары 2 көлікті айыппұл тұрағына жауып, 16 жүргізушінің адресіне ескерту жолдаған. Сондай-ақ, полицейлер 1 сағат көлемінде құны 5 миллион теңгеге тартатын жол ережелерін бұзу фактілерін анықтапты.