11.04.2023, 09:20

Әділет жақтаушысы болып жүрген блогер іс жүзінде қылмыстық топтың басшысы болып шықты

фото: polisia.kz
Қылмыстық топ басшысы өзінің қорына жарнаны кәсіпкерлерден алып отырған.

Жамбыл облысында қылмыстық топ жастарды тәрбиелеу желеуімен қоғамдық қор құрып, әлеуметтік желіде белсенді жұмыс жүргізген. Топтың 9 мүшесі ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәлім етілгендей, қылмыстық топ мүшелері Таразда ұсталды. Операцияға Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті, Жамбыл облысының Полиция департаменті және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен ұзақ дайындалып, жедел-тергеу іс-шараларының кешенін өткізген.

Ведомствоның жедел қызметкерлерінің назарына бопсалаудың бірнеше фактісіне, қылмыстық текетірестерге, қала мен облыс аумағындағы кәсіпкерлерден қарыздарды қайтаруға қатысқан бір топ адам түскен.

«Қылмыстық топтың жетекшісі соңғы кездері өзін қоғам белсендісі ретінде көрсетіп, жастарды тәрбиелеу жөніндегі патриоттық қозғалыстың атын жамылып, «қайырымдылық қоғамдық қорын» құрған.

Ол қылмыс әлемінің серкесі имиджінен алшақтап, «әділеттілікті жақтаушы» блогер ретінде әлеуметтік желілерде белсенді бола бастаған. Қалада күзет машиналарының ілесіп жүруімен ғана қозғалған», - делінген ІІМ хабарламасында.

Қылмыстық топ басшысы өзінің қорына жарнаны кәсіпкерлерден алып отырған. Ерікті түрдегі жарна делінгенімен, кәсіпкерлерден ақша бопсалау бойынша қылмыстық схема жасалған, орнына «қылмыс әлемінен қамқорлық» уәде еткен. Жарна төлеуге келіспеген бизнес өкілдеріне қорқыту, зорлық әрекеттері қолданылған.

«Полицияға топтың 9 мүшесі жеткізілді, 20-дан астам тінту жүргізіліп, «қаңтар» оқиғасы кезінде облыстық Полиция департаментінен ұрланған «Калашников» автоматы, екі «Макаров» тапаншасы, мылтық, травматикалық тапанша мен басқа да суық қару тәркіленді.

Сонымен қатар қылмыстық топтан екі келіден астам есірткі алынды.

Қылмыстық топқа қатысушыларға қатысты бопсалау, қару мен есірткіні заңсыз сақтау бойынша 12 қылмыстық іс қозғалды.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда», – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.