$ 498.34  519.72  4.85

«Жалғыз асыраушымыз еді»: Шымкенттегі жол апатынан тірі қалған қыздың жағдайы белгілі болды

Бізді кім тамақтандырады? Қызым қанша жыл емделуі керек.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Шымкентте жүргізушісі жоқ автобусқа қағылған 18 жасар қыздың анасы қызының жағдайы туралы анық-қанығын айтып, кінәлілерден өтемақы талап етті деп хабарлайды Otyrar.kz сайты.

Шымкентте автобус алты адамды қағып кеткен еді. Оның бесеуі көз жұмды, тек 18 жастағы қыз тірі.

Әйелдің айтуынша, қыз көп балалы отбасыдан шыққан. Ол медбике болып жұмыс істеп, отбасын асырайтын.

Автобус апатынан кейін қыз бірнеше жарақат алды. Емдеу және оңалту бір айдан астам уақытты алады. Зардап шеккен қыздың анасы автопарктен барлық медициналық шығындарды жабуды және өтемақы төлеуді талап етті.

"Қызым отбасымыздың жалғыз асыраушысы еді. Азық-түлік пен коммуналдық қызметтің барлық шығындарын жабатын. Мен көп балалы анамын, алты балам бар. Кішкентай балам сегіз айлық. Бір бүйрегім жоқ болғандықтан, жұмыс істей алмаймын. Енді әзірше қызым да жұмыс істей алмайды. Бізді кім тамақтандырады? Автопаркке өкпем қара қазандай, істері үшін жауап берсін. Қызым қанша жыл емделуі керек. Егер бірнеше жылдан кейін осы апаттың салдары байқалса ше? Бұған кім жауап береді?!" – деді 18 жастағы қыздың анасы Мәдина Сейдалиева.

Қайғылы оқиға күні Мәдинаның қызы ауызашарға бармақшы болған. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде жолдан өтуге ыңғайланған кезде жүргізушісі жоқ автобустың астында қалады. Миының жабық жарақаты, мидың шайқалуы, көгеру және жырықтармен реанимацияға жатқызылды.

"Таңертең науқастың жағдайы орташа ауыр ретінде бағаланды. Тағайындалған ем бойынша ауруханада қаралуда. Динамикада ота жоспарланбады. Емін жалғастырады", – деді Шымкент қаласының №1 клиникалық аурухана бөлімшесінің меңгерушісі Эльдар Смағұлов.

Полиция қылмыстық іс қозғап, Шымкент әкімдігіне автобус паркін лицензиядан айыру туралы ұсыныс жолдады.

"Сараптама тағайындалды. Автобус жүргізушісі тергеу изоляторында. Шымкент әкімдігіне "Shymkent bus" компаниясын жолаушылар тасымалына лицензиядан айыру туралы ұсыныс жібердік. Ұсынысты қарау мерзімі бір ай", – деп мәлімдеді Шымкент қаласы ПД тергеу бөлімінің бастығы Нұрдәулет Сүйеубеков.

Shymkent bus автобус паркінің директоры қыздың отбасымен әлі байланыса алмағанын айтты. Азат Қайыпов тасымалдаушы компания қажетті қаржылық көмек көрсететініне және зардап шеккен отбасы алдындағы жауапкершілікті нотариалды куәландыруға дайын екеніне сендірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары