Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында жаңаөзендік мұнайшылардың жағдайына қатысты депутаттық сауалын жолдады. Ол сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, соңғы жылдары еліміздің батыс өңірлерінде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялардың жұмысшыларының ереуілдері жиі орын алуда. Күні кеше бір топ маңғыстаулық мұнайшылар, өңірде өз мәселелелері шешілмегесін Астанаға келді. Өткен жылы да осындай оқиға бас қаламызда орын алған болатын.
Сонымен қатар кешегі сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервистік компаниялар «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» ережелерінің ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып, шағымданған болатын.
"Мысалы, Маңғыстауда бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, негізінен жергілікті әйелдерді тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын. Алайда, жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен контракт ала-алмай қалса немесе баға демпингісінен контракт сомасы едәуір төмендесе 90% жұмысшылары жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өткен Мәжілістің жетінші шақырылымында Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелерді көтергенбіз. Бірақ Үкімет, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыс істелінбеді, тиісті нәтиже болмады. Ал Маңғыстауда жарылайын деп тұрған «жара» көп. Оларды кешенді түрде «емдеумен» айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді", - деп айтты Жаңбыршин өзінің депутаттық сауалында.
Ол Үкімет комиссиясын құру жөнінде Премьер-министрге жолдаған хатта айтқанын атап өтті. Сөзінше, оған әлі жауап Үкімет басшысы жауап бермеген.
"Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер. Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең «қолымызды мезгілінен кеш сермедік» деп жүрмеңіздер. Сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі, бірақ тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр. Айта кететін жайт, өткен сенбі күні Ақтау қаласында ереуілге шыққан «БерАли Маңғыстау Company» мекемесінің басшыларымен кездестім, жоғарыда келтірілген кемшіліктерді олар да айтты. Компанияның ресми өтініші бойынша жұмыс істеліп, құзырлы органдарға хат жолданды", - дейді депутат Мәжілісте.
Депутат «Самұрық-Қазынаның» өздерінің ережелеріне өзгерістерді тез арада енгізу қажет деп санайды.
"Бірінші, баға демпингісіне шектеу қою. Мысалы тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек. Екінші, сервистік компаниялармен көпжылдық келісімшарттарға отыру сұрағы шешілсін, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Үшінші, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбек ақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілі болады және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тарапынан бақылап отыруға мүмкіндік туады", - дейді Еділ Жаңбыршин.
Депутаттың сөзінше, кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қаралсын.