$ 483.23  534.74  5.12

«Екі-ақ жыл оқыдым»: әлемдегі ең үлкен ұшақты қазақ жігіті басқарады

Біржанды алпауыт шетелдік компанияның басшылары үш күндік сынақтан соң бірден жұмысқа қабылдаған.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

Әлемдегі ең алып лайнердің бірін қазақ жігіті басқарады. Біржан Талғатбекұлы бүгінде 600 адам сыйып кететін әуе кемесінің ұшқышы. Бір қызығы Талғат ұшқыш мамандығын небәрі екі жыл ғана оқыған. Оны Біріккен Араб Әмірліктерінің әуе команиясы Қазақстаннан шақырып алған. Келісімшарт негізінде жұмыс істеп жатқан Талғат алып ұшақпен әлемнің түкпір-түкпіріне жолаушыларды тасып жүр. 600 орынды Airbus A380 лайнерімен АҚШ-қа ұшқалы жатқан қазақ жігіті уақытының тығыздығына қарамастан Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігінің тілшісіне қысқаша сұхбат берді.

«Қазір Біріккен Араб Әмірлігінде әлемдегі ең үлкен 600 адамдық Airbus A380 ұшағында екінші пилот болып жұмыс істеймін. Көбіне АҚШ, Аустралия, Еуропаның ірі қалаларына ұшамыз, жалпы дүниежүзінің барлық континенттеріне рейстер бар. Үлкен ұшақ болған соң ұзақ рейстер жасаймыз. Орташа алғанда 12-13 сағатты алады, ең ұзақ сапар Біріккен Араб Әмірліктерінен АҚШ-тың Калифорния штатына ұшу кезінде болады. Ондай сапарларда 16-17 сағаттай әуеде боламыз», - деді Біржан Талғатбекұлы. 

Біржанды алпауыт шетелдік компанияның басшылары үш күндік сынақтан соң бірден жұмысқа қабылдаған. Ол алғашында Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түскен. Алайда бірінші курсты бітірген соң оқуды тастап кеткен. Air Astana-ның Ab-Initio ұшқыштарды дайындау бағдарламасы бойынша емтихан тапсырады. Сынақтан сүрінбеген қазақ жігіті осылайша Америкадан бірақ шыққан.

«Солай АҚШ-тың Флорида штатынан шақырту алдым. Стэнфорд қаласындағы «Aerosim Flight Academy-ге оқуға түстім. Ол жерде бір жарым жыл оқыдым. Кейін Белгияның Шарлеруа қаласындағы «Belgian Flight School» ұшқыштарды даярлау мектебінде 3 айдай оқыдым. Осылайша бас-аяғы 2 жылда дайын ұшқыш болып шықтым», - деді ол.

Оқуын бітірген соң Біржан еліміздегі отандық әуе компаниясында ұшқыш болып 7 жыл істеген. Осыдан екі жыл бұрын әлемдік алпауыт компанияға тағы да құжаттарын жіберген. Қазақ жігіті шетелдік компаниялардың төлейтін жалақысы елдегі айлықпен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін, әрі қызметкерлерге жан-жақты жағдай жасалғанын айтады. «Отандық әуе тасымалдау саласын әлі де дамыта түсу керек» деп санайды Біржан.

«Біріккен Араб Әмірлігінде ұшқыштарға барлық жағдай жасалған. Компания тұратын үйді өздері береді. Шағын отбасы болса қаладан пәтер жалдап береді. Көп балалы отбасы болса, жер үйден береді. Ұшқыштың балаларын халықаралық оқу орындарында тегін оқытады. Медициналық сақтандыру бар және жылына бірнеше рет ұшу билеттерін тегін береді.  Ұшқыштың физикалық және психологиялық денсаулығы үнемі әлемдік стандартқа сай болуы керек. Ұшқышқа да қойылатын талап өте жоғары. Аспанда болуы мүмкін күрделі жағдайларға әрдайым дайын болуымыз керек. Дубайдағы әуекомпаниясына екі жыл бұрын құжаттарымды тапсырған болатынмын. Құжаттарым қабылданған соң, 3 күндік сынақтан сәтті өтіп, жұмысқа қабылдандым.

Шетел әуекомпаниясында жұмыс істеу мен үшін үлкен тәжірибе мектебі. Әлемнің әртүрлі мекеніне ұшып, әртүрлі ұлт өкілдерімен әріптес болу, олардың әдет-ғұрпын, тілі мен мәдениетімен танысу көңіл көкжиегімнің ашылуына әсер етті. Қазақстаннан шыққан ұшқыштар Катар, Вьетнам, Гонконг тағы басқа да дүниежүзілік әуекомпанияларда істеп жатыр. Қазақстанда авиация саласын дамытуға әлі де көп жұмыс жасалу керек. Жаңа ұшу  терминалдары салынып, жаңа бағыттар ашыла берсе, әуе қызметі де заманауи жағынан дами түспек», - деді ол.

Біржанның балалық шағы Алматының іргесіндегі Байсерке ауылында өткен. Оның әкесі де авиация саласында ұзақ жыл жасапты. Талғатбек Кәмісханұлы Моңғолияның Бай-Өлке аймағынан тәуелсіздік алған жылдары тарихи отанына көшіп келген. Ұлттық аспапта да ойнайтын Біржан шетелдік әріптестеріне домбыраны да тартып береді.

«1993 жылы ШҚО-ның  Біржан деген ауылында дүниеге келдім. Әкем Талғатбек Кәмісхан  Мәскеу облысындағы Егорьевск қаласында Чекалов атындағы авияциялық техникалық колледжін, сосын Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында тәмәмдаған. Алматы қаласындағы  ұшақтарға техникалық қызмет көрсету орталығында Ан-24, Ту-134, Як-42, Ту-154 ушақтардына инжинер-механигі болып жумыс атқарған. Балалық шағым Алматы облысындағы  Байсерке ауылында өтті. Мектепті Алматыдан оқыдым. Сабақтан бос  уақыттарда әртүрлі спорт секцияларына, домбыра үйірмелеріне де қатыстым. Бүгінде отбасыммен Дубайда тұрам, бір баламыз бар», - деді ұшқыш.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары