$ 486.44  534.31  5.06

Мәжіліс депутаты балалардың TikTok пайдалануына тыйым салуды ұсынды

Тәрбиесіз ұрпақ Отанға да, ата-анаға да, қоғамға да опа әпермейтіні ақиқат.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев балалар мен жасөспірімдердің TikTok әлеуметтік желісін пайдалануына тыйым салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ол Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Бас прокурор Берік Асыловтың атына тиісті депутаттық сауал жіберді.

"Тәрбиесіз ұрпақ Отанға да, ата-анаға да, қоғамға да опа әпермейтіні ақиқат. Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді, ұрпағы бүлінген халық іриді. Қыз тәрбие көрмесе арсыздыққа, ұл тәрбие көрмесе бассыздыққа бой алдырады. Дер кезінде шара қолданып, кеселдің алдын алмасақ, халылық тағдырын тығырыққа тірейтін азғындаудың келеңсіз көріністері күн санап көбейе берері сөзсіз", - деп атап өтті ол.

Депутаттың сөзінше, елде тәрбиеге негізделген ұлттық идеология болуы керек.

"Үкімет "AMANAT" партиясы сайлауалды бағдарламасындағы "Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы" концепциясын тез арада талқылап, қабылдауы керек. Жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені бағалануы қажет. Осы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, Ішкі істер министрлігі өздерінің ұрпақ тәрбиесіне байланысты жоспарларына тиімді өзгерістер енгізуі тиіс. Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау маңызды. Орын алған бұзақылық оқиғалар бойынша кінәлі қылмыскерлерге, салғырт қараған полиция өкілдеріне, көз жұма қарап кемшіліктерге жол берген білім бөлімі мен мектеп басшыларына, тәрбиесіз баланың әрекетіне жауапты ата-аналарына тиісті шара қолдануын, қатаң жазалауын  талап етемін", - деді Аманжол Әлтаев.

Бұдан бөлек Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн, деді ол.

"Телеарналарда балалар мен жастардың санасына теріс әсер ететін, рухани-тәрбиелік маңызы жоқ хабарлардың эфирге шығуына жол берілмесін. Есесіне танымдық хабарларға мән берілсін. Кинозалдарда жасөспірімдердің санасына теріс әсер ететін кино өнімдерін көруге тыйым салу қажет. Ата-аналар балаларын TikTok-тың жетегіне жібермей, бала тәрбиесіне ерекше бән беруі тиіс", - деп сөзін қорытындылады Мәжіліс депутаты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары