Жаңаөзендік мұнайшылардың ереуілдетіп Астанаға келуі халықты бір дүр сілкіндіріп алғаны рас. Оқиғаның орын алғанына бес күндей өтсе де, бұл тақырып әлі де қозғалып, түрлі пікірлер жазылып жүр. Уақыт өте эмоция басылып, сараланған ойлардың куәгері болып отырмыз.
Бастапқыда Жаңаөзеннен келген жұмысшылар тендерден ұтылған компания кесірінен жұмыссыз қалып, жұмыс сұрап жиналған болатын. Ал, ресми тарап «ҚазМұнайГаз» олардың қойып отырған нақты талаптары түсініксіз, орынсыз деп бағалады.
Ал енді түсіндіруге тырысайық. Тендерден ұтылған «БерАли Маңғыстау Company» жұмысшылары жұмыс сұрады. Сұрағандарына қарай оларға 700 мың теңге еңбекақысын сақтай отырып, басқа компанияға жұмысқа орналастыру ұсынылды. Алайда, жаңаөзендіктер бұл ұсыныстан бас тартты. Бәріміз бір елде тұрып жатқан соң, елдегі жағдайды білеміз ғой. Бұл жалақы басқа өңірлерге қарағанда екі есе артық. Шындығын айтсақ, мұндай ақшаны менсібегендерді халық та түсінбеді.
Талаптары сол болса, неге ұсыныстан бас тартады деп таңырқап қалды жұрт. «Сұрасаң береді» дегенге басып, олардың талаптары өзгере бастады. Міне осы жерден басталады түсініспеушілік. Енді «Өзенмұнайгаз» компаниясының штатына жұмысқа орналасуды үзілді-кесілді талап етуге көшті.
Мұнай - еліміздің байлығы, халықтың асыраушысы. Бұл салада білімділер мен біліктілер ғана еңбек ету керек. Мұнай компаниясына қызметке орналу үшін жанталасып жүргендер оқып-тоқып елдегі білімін аздық көріп, шетел асып тәжірибе жинайды. Соның өзінде лайықтымын ба деп қызметке орналасу үшін жұмысберушінің барлық тәртібіне бағынады, жауабын күтеді. «Өзенмұнайгазға» жұмысқа тұрамын деп ниеттеніп жүрген тоғыз мың жаңаөзендік бар.
Жалпы алғанда мұнайлы қалаға көшіп келушілер, жалақысына қызығатындар көп. Осылайша қала халқының саны әу бастағы шағын қала деп белгіленген мөлшерден тым асып кетіп, қолайсыздықтар туғызып жатыр. Қазір моноқаладағы жергілікті тұрғындар саны 2-3 есе артып кеткен. Міне, мәселенің түп-төркіні осында болса керек. Былайша айтқанда жоғары жалақыға қызығып келгендердің барлығын асырауға, қалауларын толық қанағаттандыруға қаланың мүмкіндігі келмейді.
Осы мәселеге қатысты сарапшылар пікір білдіріп жүр, солардың бірі саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтың саралауына назар салдық. Оның айтуынша, ереуілдетіп қызмет сұрағандардың басым көпшілігі сырттан келген қоныс аударушылар екен.
«Жаңаөзендегі сервистік компаниямен жағдайдың негізгі себебі-Маңғыстау облысымен шекаралас Түрікменстан, Өзбекстаннан қоныс аударушылар. Себебі осы аймақтардан келгендер кәсіпорын қызметкерлері арасында масылдық көңіл-күйді көтере түсуде. Шамамен 700 мың теңге жалақысын ала отырып, олар үнемі жалақыны, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды көбейтуді талап етіп, мемлекетті ашық бопсалаумен айналысуда.
Бұл ретте мұнай-газ өндіруге қызмет көрсететін ұқсас сервистік кәсіпорындардың қызметкерлерінің елдің басқа облыстарында жалақысы 2 есе аз (бұл көрсеткіш осы саладағы жалақының ағымдағы деңгейін көрсетеді). Оған қоса, бейінді білімі жоқ (көбінесе білімі жоқ) Маңғыстау облысының қоныс аударушылары негізсіз тек мұнай саласына жұмысқа орналасуды талап етеді», - деп ашық жазды өз парақшасында саясаттанушы.
Оның айтуынша, бұл қауіпті тенденция. Жекелеген азаматардың осылайша бар жауапкершілікті қоғам мен мемлекетке ашық аудару арқылы кейде тікелей бопсалауға да бару әрекеттері жоқ емес.
Расымен мемлекетке масылдық болу мәселесі жергілікті тұрғындарға сырттан келгендердің келуімен басталғандай. Былай қарасаң біздей қонақжай халық жоқ. «Дайын асқа тік қасық» мысалындағы жағдай жасалып отыр келушілерге. Енді олар халықты дүрліктіріп қомағайланғанға ұқсайды. Еліміздің тыныштығына жанашырлық танытпай, ақшасын еңбекпен емес, ереуілмен аламын дегендері қай сасқандары?
Ал енді бұл саладағы ұлттық компанияларымызға қандас екен, бас көтерді екен деп, ала беру қаншалықты дұрыс болар еді? Қаншалықты әділ?
Көп ұзамай жиналған жұмысшылар Жаңаөзенге оралды. Екітараптан келіссөз әлі де жүргізіліп жатыр, арнайы комиссия құрылды. 10 адамнан құралған «БерАли Маңғыстау Company» белсенді тобы да бар. Бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 3 отырыс өткізіп үлгерген. Жағдай тұрақтанды.
Халық десе намысшыл әрбір қазақ ішкен асын жерге қояды. Биліктегілерден шындықты анықтап, нәтиже көрсетуін талап етеді. Әділетсіздікке жол бермейді ешқашан. Ал намыс пен талап қою дегенде батысымыздағы қазақтарға тең келер адуынды, турашыл мінезділерді таппаймыз-ау. Бұл оқиға расымен шиеленіскен болып, жаңаөзендіктердің құқығы тапталған болса осылай тыныш аяқталмайтыны анық. Жаңаөзендіктер ғана емес, бүкіл халық көтерілетін еді.
Ең бастысы тыныштығымыз бұзылмасын. Бұған билік пен халық сайып келгенде екіжақтап тырысуы керек. Мәселенің шешімі шығып, енді мұндай түсініспеушіліктерге жол берілмейді деп сенеміз.