Астана қаласында бір тәуліктің ішінде жүзден астам жол апаты тіркелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Кешеден бері қалада 144 жол көлік оқиғасы тіркеліп, екі адам зардап шекті.
"Жол апаттары ауа-райы мен көктайғақты ескермей, жылдамдық режимін, аралық норманы және қауіпсіз қашықтықты сақтамау нәтижесінде орын алады. Барлық жүргізушілер жазғы дөңгелектермен жүрген", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде ауа-райының нашарлауына байланысты коммуналдық қызметтер қар тазалауға шықты. Осыған байланысты полиция жүргізушілерге мұқият болуға және көліктерді жол бойына қоймауға кеңес берді.
"Қоғамдық көліктердің қозғалысына немесе қар тазалау техникасының жұмысына кедергі келтірмеуге шақырамыз. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұраймы", - дейді мамандар.
Полиция қауіпті учаскелерде барынша көмек көрсетіп, тәулік бойы қызмет атқарады. Қаладан тыс жерлерге бармаған жөн.