Жаңаөзендегі Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан 2-қабатты үйде газдың тарауы салдарынан жарылыс болды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды, ҚазАқпарат.
«17 сәуірде сағат 4:05 шамасында Жаңаөзен қаласы Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан 2-қабатты үйде газдың тарауы салдарынан жарылыс болды. Осы факті бойынша Маңғыстау облысы бойынша ТЖД-мен бірге Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген баспасөз мәліметінде.
Аталған іс бойынша облыс прокуратурасымен процестік прокурорлар тобы айқындалып, облыстық Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттері басшыларының бірлексен бұйрығы негізінде ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру облыс прокуратурасының бақылауында. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.