Қарасай аудандық соты бірнеше жер учаскесіне қатысты үкім шығарды. Прокурор жердің заңсыз берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін аудан прокуроры сотқа арыз түсірген. Қадағалаушы органның мәліметіне сәйкес, 2004-2019 жылдары мемлекеттік мекемелер мен Н.-ның арасында жер учаскелерін сатып алу бойынша типтік келісімдер жасалған. Бірақ учаскелердің бәрі ауыл шаруашылығы жерлеріне жатады. Оның барлығы басқа мақсатта пайдаланылған.
Сот отырысы кезінде жауап беруші тараптың өкілі прокурордың талабын қанағаттандырмауды сұрады. Себебі арызда тәртіп бұзушылықтың мән-жайы көрсетілмеген. Ал мемлекеттік органдардың өкілдері соңғы шешімді соттың өзі шығарсын деді.
"Н.-ға ауыл шаруашылығы жерлеріне жататын учаскелерді беру кезінде мақсатын өзгерту үшін жер ресурстарын басқару бойынша облыстық басқарма мен орталық мемлекеттік органдардың алдын ала міндетті келісімі алынбаған. Осылайша жер учаскелерін беру тәртібі бұзылды", - делінген сот хабарламасында.
Азаматтық істі қарау барысында жерді сатып алу бойынша типтік келісімшарттардың күшін жоюға негіз болатын мән-жайлар анықталды.
Айта кетері, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметке сәйкес, Қарасай аудандық сотында қаралған жер учаскелері Қазақстанның экс-президентінің інісі Болат Назарбаевқа тиесілі. Жалпы ауданы 37 гектарды құрайды. Ол жерде "Барыс" автобазары орналасқан.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.