18.04.2023, 21:30

Қытайлық ұялы телефондардан жедел жәрдемге қоңырау бармайтыны рас па?

фото: baq.kz
Бұл полиция мен төтенше жағдайлар қызметіне де қатысты.

Қазақстандағы кейбір ұялы телефондардан жедел жәрдемге хабарласу мүмкін емес. Бұл полиция мен төтенше жағдайлар қызметіне де қатысты. Құрылғы автоматты түрде 112 қызметіне қоңырау шалатын көрінеді, деп хабарлайды “Информбюро” жаңалықтар қызметі. 

Қарағанды тұрғындарының бірі бір жасар баласы қақалып, көгере бастаған кезде 103-ке қоңырау шалғанын айтады. Алайда қоңырау құтқару қызметіне өтіп кеткен. Ал олар қоңырауды жедел жәрдемге бағыттай алмаған. Қуанышқа орай, әйелдің өзі сәбиіне көмектесе алған. Жедел жәрдем қызметкерлері телефондардың кейбір модельдерінен, әсіресе қытайлық өндірістен шыққан ұялы телефондардан қоңырау шалған кезде осылай болады деп жауап беріпті. 

Олардың микробағдарламасында 101, 102 және 103 секілді үш таңбалы нөмірлерге қоңырау шалу қарастырылмаған. Бұл байланыс операторына да, жедел жәрдем станциясының жабдықтарына да байланысты емес көрінеді. Мәселе гаджеттің өзінде екен.

Бұл жағдайда байланыс операторлары басында "тоғызы" бар қосалқы нөмірлерге қоңырау шалуды ұсынады. Яғни, 9-101, 9-102, 9-103 нөмірлерін теру керек.

“Облыс тұрғындары мен республика тұрғындарына осы функцияны тексеруді ұсынамын. Қарағанды қаласы бойынша 103 нөмірін теріңіз, егер сіз 9-103 нөмірін терсеңіз, автоматты жауап беру құрылғысында бірден “Қарағанды жедел жәрдем қызметі” деген дауыс естіледі. Егер бұл автожауапты естімеген болсаңыз немесе экранда "шұғыл қызмет" деп жазылып тұрса, онда қоңырауыңыз 112 нөміріне өтіп кеткен”, – дейді жедел медициналық жәрдем қызметінің жедел бөлімінің меңгерушісі Ақылбек Сарбаев.