19.04.2023, 11:30

Президент: Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының көбі азық-түлік алуға кетеді

Фото: aikyn.kz
Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Үкіметтің инфляцияны тежеудегі жұмысын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз азық-түлік тауарларының бағасы кейінгі 15 жылда болмаған деңгейде өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Ақпан айында инфляция 21,3% болып, өзінің шыңына жетті. Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент ауыл шаруашылығы саласында да мардымды даму жоқ екенін айтты.

«Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.