17.01.2017, 06:24

Қазақстан кинотеатрларында билет бағасы қымбаттауы мүмкін

Қазақстандық танымал режиссер Ақан Сатаев ел үкіметіне кинотеатрлардағы шетелдік кинолардың билетін қымбаттатуды ұсынды.

"Прокатпен айналысатындарға жеңілдіктер қарастыру керек, мысалы, қосымша құн салығын алып тастайық. Ал, бұл қаражаттың жартысын кино қорын құруға жұмсаған дұрыс. Немесе ол қаражаттың орнын шетелдік киноларға билет бағасын қымбаттату арқылы толтыруға болады. Бұл бір жағынан отандық киноның бәсекеге қабылетті болуына мүмкіндік тудырады", - деді режиссер бүгінгі Үкіметтегі отырыста.

Оның пікірінше, билет құнын қымбаттату арқылы отандық кино индустриясына көмек көрсетуге болады.

"Түскен қаражатты кино қорына аударып, соның есебінен фестивальге қатыса алатын сапалы фильмдерге қолдау көрсету керек. Нәтижесінде үлкен халықаралық байқауларда, мәселен Канн, Берлин, Венеция кинофестивальдерінен жүлделер алуға болады. Ол үшін өте сапалы, көрерменге әсерлі және пайдалы, әлемдік стандарттарға сәйкес келетін кино түсіру қажет. Бізге үлкен блокбастерлер, тарихи фильмдер жетіспейді. Халықаралық прокатқа шығара алатын фильмдер түсірсек, біз өнімімізді және мәдениетімізді эскпорттай алар едік", - дейді Ақан Сатаев.