$ 484.11  528.79  5.03

«Халық ұлдарын әскерге жіберуге қорқатын болды»: депутат армиядағы мәселелерді көтерді

Депутат сарбаздар арасындағы суицид пен өлім-жітім мәселесіне тоқталды.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Қазақстанда 2020 жылы – 78 әскери, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылдың қазіргі уақытында дейін 11 әскери қызметкер қаза тапқан. Бұл туралы бүгін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың атына депутаттық сауал жолдаған Наурыз Сайлаубай мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әскерге бару – міндет қана емес, зор абырой. Бірақ бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады. Арасында әскерге шақырылып, он күн ішінде жұмбақ жағдайда қаза тапқандар да бар. Нағыз ер болуға тәрбиелейтін азаматтар үйіне есінен адасып, бірі сал болып, бірі табытқа оранып қайтуда. Қыршын кеткен боздақтардың өлімі жұмбақ күйінде қалып жатыр. Мысалы, қызылордалық мерзімдегі сарбаз күтпеген жерден психотериялық ауруға түскен. Ал Жамбыл облысындағы әскери қызметші біреудің үйіне себепсіз кіріп, әйел адамды ұрып-соққан. Немесе осы облыста борышын атқарып жүрген сарбаздың өлімі», - деді әскердегі суицид мәселесін көтерген ол.

Депутаттың пікірінше, қазір жастардың әскерден қашатыны жасырын емес және олар «әскерге бармау үшін түрлі жемқорлық жолмен анықтамалар жаздырып, заңға қайшы әрекеттерге барып жатыр».

«Баланың заңсыз әрекеттерін ата-ана да көріп отыр және оны қолдайды, өйткені бірнеше рет әскери қоймаларда болған жарылыстарды, жарғыға қарсы әрекеттерді, әскери қызметкерлердің өлімі мен қайғылы оқиғаларды көріп, ұлдарын әскерге жіберуге қорқады. Болып жатқан жағдайлар халық тарапынан қорғаныс саласына деген сенімнің төмендеп жатқанын және жастардың әскерге деген қызығушылығының азайғанын көріп отырмыз», - деген ол әскердегі өлім-жітім бойынша ресми статистиканы алға тартты.

Құқықтық статистика комитетінің 2018-2022 жылдардағы нақты ресми деректері бойынша елімізде 17 мың 631 фактісі тіркелген. Ал 21 332 адам өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Оның ішінде 86 суицид фактісі, өзіне қол жұмсауға әрекет еткен 20 факті әскерде болған.

«Бұл ресми  ақпарат, ал бейресми ақпарат бойынша бұл цифрлар екі есеге көбеюі мүмкін. Әскери прокуратураның берген ақпараты бойынша соңғы бірнеше жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Соның ішінде 2020 жылы 78 әскери, 2021 жылы 96, 2022 жылы 85, 2023 жылдың қазіргі уақытында дейін 11 әскери қызметкер. Өлімнің жиі кездесетін себептері – аурудан 36 пайыз,  жол көлік оқиғаларынан 24 пайыз, суицидтан 20 пайыз. Сарбаздардың өлімінің 20 пайызы өз-өзіне қол жұмсау болса, әскерде не болып жатыр?»- деген ол Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтан бірнеше сауалдың жауабын сұрады.

«Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жүйесін реформалаумен айналысу үшін тағы қаншама адам мүгедек болып қалу керек? Бос баянаттар мен ұрандардың орнына Қазақстан армиясын нақты реформалайтын уақыт келді.  Қазақстан Республикасы Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан армиясын реформалау бойынша кешенді жұмыстар қаншалықты жоспарлы түрде жұмыс жасап жатыр? Қарулы күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, әскери дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақ және әскери техникамен жасақтандыру, цифрландыу, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттардың жоспары қалай жүріп жатыр? Және соңғы үш жылда, яғни, 2020-2022 жылдар аралығында Қазақстанда әскерде сарбаздарға қатысқа шешімдердің қорытындылары қандай? Осы сұрақтарға жауап беруіңізді өтінеміз», - деді депутат Наурыз Сайлаубай.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары