Грекияның Родос қаласында мектеп оқушылары арасында шахматтан әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
14-22 сәуір аралығында өткен ақыл-ой аламанына 7-17 жас аралығындағы 500-ден астам таңдаулы шахматшы қатысты.
Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы жүлде саны жағынан 1-орын (2 алтын, 2 күміс, 5 қола) алды.
G09, яғни 9 жасқа дейінгі ойыншылар арасында классикалық шахматтан Аланна Берікқызы керемет нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.
Ол швейцариялық жүйе бойынша 9 партияның сегізінде жеңіске жетті.
Отандасымыз шешуші матчта негізгі қарсыласы моңғолиялық Целмуун Идерден (8 ұпай) басым түсті. Жалпы бұл жас санатында 41 ойыншы сынға түсті.
Осы тұста Аланна бір жарым жылдың ішінде 4-разрядтан әлем чемпионы атығына дейін жетіп отыр.
Осы нәтижесінің арқасында қазір Аланна Берікқызы G09 бойынша FIDE рейтингінде 1-орынға көтерілді.
Ал бұл додада елімізден шыққан екінші чемпион – Әмина Қайырбекова.
Ол 17 жасқа дейінгі санатта 8 кездесуді ұтып, түркиялық Зейнеп Чифтинді (7,5 ұпай) артта қалдырды.
Үздік үштікті 6 рет ұтып, бір рет тең түскен тағы бір түркиялық Элифназ Акат, (6,5 ұпай) түйіндеді.
Топ жарған Аланна Берікқызына бас жүлдені белгілі шахматшы Жан-Мишель Рапэр, ал Әмина Қайырбековаға Родос қаласы губернаторының орынбасары Каллистос Диакогеоргиу табыстады.
Күміс жүлдегер атанған қазақстандықтар – Нұрәлі Нуршин, (U07 жас санаты, 7,5 ұпай), Айсұлтан Бисалиев (U09 жас санаты, 7).
Қола жүлде алғандар – Ризат Ұлан (U07 жас санаты, 7 балл), Әлімжан Жауынбай (U09 жас санаты, 7 ұпай), Данис Қуандықұлы (U11 жас санаты, 6,5), Эдгар Мамедов (U13 жас санаты, 7), Далия Диасқызы (G11 жас санаты, 6,5).
Жүлде саны жағынан 2-орынға Түркия (3 алтын, 2 күміс, 2 қола) жайғасса, үздік үштікті Моңғолия (2 алтын, 3 күміс, 1 қола) түйіндеді.