Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Ол Қазақстан консулы Кореядағы азаматтармен кездескенін айтты.
«Олардың жағдайы жақсы. Уақытша қамау изоляторында ұстауға қатысты шағымы жоқ. Прокуратура істі сотқа тапсырды. Бірінші сот тыңдауы мамыр айының ортасында өтеді. Сіздер білесіздер, бұл жігіттерге ауыр айып тағылып отыр. Сол себепті соттың шешімін күтеміз. Олардың мемлекеттік адвокаты бар. Біз туыстарымен байланыстамыз. Жұмыс жүріп жатыр», - деді Смадияров.
Сондай-ақ СІМ ресми өкілінің ақпаратынша, 26 сәуірде Сеулде Қазақстан мен Корея сыртқы саяси ведомстволары арасында консулдық консультациялардың 7-ші раунды өтеді.
«Бұл жиында Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, соның ішінде біздің азаматтарымыз үшін еңбек рұқсаты жүйесін құру мәселелерін талқылау жоспарлануда. Тараптар сондай-ақ Қазақстан үкіметі мен Корея үкіметі арасындағы Қазақстан азаматтары болып табылатын еңбекші-мигранттардың еңбек қызметі және олардың құқығын қорғау туралы келісім жобасын қарайды», - Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Еске салсақ, өткен айда Оңтүстік Кореяда депортациялық рейсті күтіп отырған 18 және 21 жастағы екі қазақстандық қашып кетті. Олар Кореяға 24 наурызда Ташкент қаласынан «Koreana» әуе компаниясының рейсімен ұшып барған.