$ 498.34  519.72  4.85

«Кедей халықтың табысы артты дегенге ешкім сенбейді»: Депутат статбюроның деректеріне шүйлікті

Қазақстандағы Ұлттық статистика бюросы елдегі жағдай туралы өтірік мәлімет береді.
Коллаж: Azattyq Ruhy
Коллаж: Azattyq Ruhy

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңге. Бірақ, шындығында ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан бес есе көп болуы мүмкін емес. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке депутаттық сауал жолдаған Елнұр Бейсенбаев «жалған» статистика мен қоғамдағы шынайы жағдайды салыстырды, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді маған. Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз», - деді сөзін бастаған Бейсенбаев.

Осылай деген ол, ең алдымен Қазақстандағы азық-түлік бағасының ресми статистикасын оқып, кейін шынтуайына келгенде, базардағы баға қандай екенін айтып берді.

«Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ, Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. Оған қоса, Статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21 процентке өсіпті.

Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр. Кеше бүкіл аймақ бойынша «AMANAT» партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 процентке бағаның шарықтағаны байқалады», - деді ол.

«ҚАЗІР ДҮКЕНГЕ БАРУҒА ҚОРҚАСЫҢ»

Осылай мәселе көтерген Елнұр Бейсенбаев елімізде тек бір баласы бар отбасының өзі бір ай емес, бір аптаның ішінде «қарны тоқ» отыру үшін кемі 40 мың теңге жұмсайды дейді. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан, мемлекеттен айына шамамен осындай жәрдемақы алатын отбасылардың жағдайы өте қиын.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес. Оған қоса, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтындығын көрсеткен болатын. Яғни, инфляцияның өсуі, экономикалық тәуекелдердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді», - дейді ол.

Депутат көтерген үшінші мәселе – ол Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесі болды. Бұл көрсеткішке келгенде де статистика бюросының ресми мәліметі мен қоғамдағы жағдайдың арасында айырмашылық зор деп отыр Бейсенбаев.

«Үшіншіден, соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді.  Қазақстанда жұмыссыздар статистикасы тек халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы өтініш бергендердің есебінен жүргізітені анық. Сондықтан жұмыссыздардың көбі есептен тасады қалып қояды. Ал, ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрайды. Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын «NEET» жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп», - деді Бейсенбаев.

Міне, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тек үш бағытына тоқталған депутат «экономикалық өсім, өндірістің дамуы, тұрғын-үйлердің салынуы, ауыл шаруашылығынан өнім алу сияқты көрсеткіштер бойынша сұрақтар өте көп» екенін алға тартты.

«Жалпы, Үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі – жалған статистиканы пайдалануы. Статистика – елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет-бейнесі болуы тиіс. Дегенмен, Үкімет тарапынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі, көбінде қате мәліметтерге сүйенудің негізінде орын алып отыр. Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуі тиіс. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады. Осы ретте, біз нақты ақпарат берудің жаңа, әділ ережесін қалыптастыруымыз қажет», - деді сөзін түйіндеген ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары