26.04.2023, 20:30

«Мемлекет пен халықтың арасында белгілі бір одақ болуы керек» - Ерлан Саиров

фото: inform.kz
Бізге қазір ұлттық консентрация керек.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров ертең Президенттің қатысумен өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Қазіргі заманның беталысы өте күрделі. Геосаяси жағдай өте қиын, сондықтан бүгінгі негізгі мәселе ұлттың бірлігі. Мемлекет пен халықтың арасында белгілі бір одақ болуы керек. Енді әрқайсысымыздың ең негізгі құндылығымыз, ол Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі болуы керек. Халық арасында осындай бір жалпыұлттық бір әңгіме керек. Біз кімбіз? Қайда кетіп бара жатырмыз? Осындай қиын заманда мемлекетімізді сақтап қалу үшін, мемлекет қандай тетіктер жасау керек, өзіне қандай міндеттемелер алу керек. Халық өзіне қандай міндеттеме алу керек және Қазақстан халқының патриотизм немесе ұлттық өзін-өзі сезіну мәселелері бойынша қандай нақты-нақты шаралар жасау керек деген сондай бір әңгіме керек.

Бізге өзіміздің болашақтың картинасы белгілі бір болуы керек. Қазақстан 20 немесе 30 жылдан кейін қандай болуы керек. Әділетті Қазақстан дейміз, Әділетті Қазақстанның негізгі элементтері қандай болуы керек, жастардың тәрбиесінің мәселесі қандай болуы керек. Өйткені қазіргі таңда жастарды гуманистік тұрғыда тәрбиелеуде де мәселе көп болып жатыр. Қазақстандық патриотизм мәселесі де көп болып жатыр. Міне осы мәселелер бойынша белгілі бір бағыттар айтылуы ықтимал", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, бізге қазір ұлттық концентрация керек, өйткені біріншіден геосаяси жағдай күрделеніп бара жатқан жоқ.

"Бұрынғы халықаралық, батыстық демократия құндылықтары қазір дүниежүзілік деңгейде девальвацияға ұшырап бара жатыр. Басқа кезде шығыс батысты экономикалық тұрғыдан, басқа да тұрғыдан жеңіп бара жатыр. Ал шығыстың моделі ол әрине демократия емес, мемлекеттердің территориялық тұтастығын сақтау емес. Оны өздеріміз көріп отырмыз мысалы жақын арада Еуропада Қытайдың өкілі "Кеңестен кейінгі мемлекеттердің тәуелсіздігі бекем емес деп" ашығын айтып отыр. Міне, ең негізгі мәселе осы Қазақстанның ішінде бізге ұлттық концентрация, ұлттық бірлік керек. Сондықтан осы модель қандай болу керек. Осы жайында біраз әңгіме болуы ықтимал", - деді Ерлан Саиров.