28.04.2023, 09:40

Жемқорлардан алынған қаражатқа 72 мектеп салынады

Фото: primeminister.kz
Мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі болуы керек.

Премьер-министр Әлихан Смайылов жемқорлардан тәркіленген ақшаны мектеп құрылысына жұмсалатыны жөніндегі қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты халыққа Жолдауында жемқорлардан алынған қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағыттауды тапсырған еді.

"Жалпы, мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге түсті. Сонымен қатар ел басшылығының тапсырмасы бойынша Республикалық бюджет комиссиясы 106,7 млрд теңгені құрайтын 72 жобаны қолдады. Атап айтқанда, 94,1 млрд теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға және тағы 12,6 млрд теңге 3 жаңа нысанның (екі ауысымда 1400 орынға арналған 2 мектеп және 200 орындық мектеп-интернат) құрылысын аяқтауға бағытталады.