$ 498.34  519.72  4.85

«Қызыл жұмыртқа, құралайдың салқыны»: қазақ халқы мамырдағы ауа райын қалай болжаған

Қазақ халқы ұшқан құс пен даладағы жан-жануарға қарап-ақ ауа райында болатын өзгерістерді алдын-ала болжай білген. Мұның түп-тамырында даналық пен ғасырдан ғасырға жалғасқан дала өркениеті жатыр.

Тіршілік жаңаратын көктем мезгілінде ауа райы сан түрлі боп құбылады. Көктемнің бір күні жаймашуақ болса, енді бірде өкпеден өтетін суық жел еседі. Қазақ халқы табиғаттың әрбір құбылысына мән бере білген. Бұл мақаламызда халықтың мамыр айындағы ауа райына қатысты болжамдарына тоқталып өтеміз.

Қазақ халқы жыл он екі ай бойы ауа райына болжам жасай білген. Халық арасында көктемгі табиғат құбылыстарына байланысты мынадай кезеңдер бар: Құс қанаты. Наурыз айының аяғында құстар қайта оралады. Ұшып келген құстармен бірге жел тұрып, қар аралас жаңбыр жауады. Осы күндерді "Құс қанаты" дейді.

Аласапыран. Көктемде қар еріп, оның салдары шаруашылыққа жайсыздық тудырады. Осы кезеңді аласапыран деп атайды.

Бесқонақ. Бұл - сәуірде болатын жауын-шашынды, желді күндер. Ата кәсібі мал шаруашылығымен байланысты болған қазақ халқы бұл күндері малын алысқа жаймаған, сапарға шықпаған. Қызыр қамшысы. Сәуірдің орта тұсында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Осы кездегі найзағайдың жарқылын халық "Қызыр қамшысы" деп атап кеткен. Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде суық жел соғады. Бұл тобылғының бүр жарғанын, көктің тамыр жайғанын білдіреді.

Қазақ халқы мамыр айындағы ауа райына қандай болжамдар жасаған? Мамырдың алғашқы бөлігінде дала мен су құстары балапан шығара бастайды. Дәл осы кезеңде бір-екі күн қатарынан күн суытады. Халық арасында бұл уақытты "Қызыл жұмыртқа" деп атайды. 

"Құралайдың салқыны" деген сөзді білмейтін қазақ кем де кем. Күн жылынып, адамдар қысқы киімін шешкен сәтте қайтадан қара суықтың басталатыны бар. Әдетте "Құралайдың салқыны" шамамен мамырдың 20-сынан басталады деп болжам жасалады. Он шақты күнге созылатын құбылмалы кезең мал-жанға жайсыз болады. "Құралайдың салқыны" атауы киіктің төлдеуімен байланысты құбылыс.

Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына жарияланған "Құралайдың салқыны деп қай мезгілді атаған?" атты мақалада құнды мәліметтер берілген. Қазақтың есепшілері текебұрқылдақ амалы – текелердің шағылысатын кезіне қарап, құралайдың салқыны амалының уақытын дәл анықтап отырған. Құралайдың салқыны аталатын себебі бұл кезде киіктер төлдеп, құралайының кіндігі түседі. Әрі киік төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, төлдеуге қабілетті болады екен. Бұған табиғаттың тылсым күшімен соққан қатты суық жел жәрдемдеседі. Бір қызығы, даланы кезген барлық киік осы екі-үш күннің ішінде төлдеп үлгереді. Енесі жанында болмаған кезде құралай тапжылмастан жата береді екен. Үлкендердің айтуынша, аналық киік кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Сондықтан ыстық жаз түскенде құралайдың далада жетім қалмайтыны осыдан. Киік өзінің лағын осы мерзімде өргізеді. Яғни, құралайдың салқынында жел тұрып, жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді. Киіктер сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады. Жаңа туған лақ екі сағатта аяққа тұрып, екі күнде енесіне ере алады. Киік төлдеген суық кезде етке құмар дала жыртқышының тәбеті қашып, етке жақындай алмайды деседі. Тек құралай аяғына тұрып, енесіне еріп жүре алатын шақта ғана жыртқыш аңдардың етке деген тәбеті қайта оралады.

Киіктер төлдеген сәтте табиғат қалай құбылады? Құралайдың салқынында күн түнеріп, аспанда бұлт үйіріледі. Ауа райының күрт өзгеруінің себебін "kerey.kz" ақпараттық-танымдық порталында былай түсіндірген: Төлдейтін мерзімі жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген жерлерге топтасатын көрінеді. Үлкендердің "Киік лақтаған жерге найзағай ойнайды" - дейтін сөзі бар. Бұл да киіктердің күн көзінен таса жерге төлдейтініне байланысты болса керек. Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп үлгереді екен. Киік басқа төртаяқтылар тәрізді шуын жалап түсірмейді. Олар желге қарсы жүрген кезде бұл үдеріс табиғаттың ықпалымен жүзеге асады.

"Құралайдың салқынында" гүлдейтін түйетабанның қандай ерекшелігі бар? Үлкен қызғылт-жасыл жапырағы бар түйетабан өсімдігі жаңа туған құралайды жасырып тұрады. Осылайша көкте ұшқан қырағы құстар түйетабанның астына жасырынған киіктің лақтарын байқамай қалады. Ерекше өсімдіктің киік төлдеген сәтте гүлдеуі табиғаттың таңғажайып құбылысы екені сөзсіз. Далалық аймақтарда өсетін түйетабан өсімдігі қазіргі күні қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енді. Жауын жауғаннан кейінгі жапырақ. Көрнекі сурет: pixabay.com Қазақ халқы әу бастан ақбөкенді киелі жануарға балайды, оны атуға тыйым салады. Табиғаттың киік төлдеген сәтте құбылуының өзі ерекше құбылыс. Алтын Орданың ұлы күйшісі Кетбұға бидің "Ақсақ құлан" күйі ерте заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа жеткен өсиет десе болады. Күй өнерінің атасы Құрманғазының да "Ақсақ киік" деп аталатын күйі бар. Қазақтың ақын-жазушылары табиғаттың төл баласы саналатын ақбөкенді туындыларына арқау еткен. Мысалы Сәкен Сейфуллин "Ақсақ киік" өлеңінде киіктің сұлулығы өте әсерлі суреттелген:

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,

Басқаға жануарды-ау теңгермедім.

Көздері мөлдір қара ақ бөкенді,

Адамның баласынан кем көрмедім.

"Құралайдың салқыны" туралы Сырбай Мәуленовтің мынадай өлең жолдары бар:

Түсті шықтар шөптерге,

Жауатындай қар, түрі.

Соғады әр жыл көктемде,

Құралайдың салқыны.

Баяғы сол тәртібі – келеді жел арқылы,

Лағы боп киіктің құралайдың салқыны.

Үркердің батуы

Мамырдың аяғында аспаннан Үркер шоқжұлдызы көрінбей қалады. Ал 24 маусымда Үркер жұлдызы батыс жақтан көрінеді. Содан кейін қырық күнге созылатын аптап ыстық басталады. Бұл ыстықты халық арасында "Қырық күн шілде", "Сарша тамыз" деп те атайды. Шілденің аптап ыстығынан кейін бір-екі күндік жаңбыр жауады. Ел арасында мұны "Үркер толғағы" деп айтады. Жазық даланың көрінісі. 

Қазақ халқы ұшқан құс пен даладағы жан-жануарға қарап-ақ ауа райында болатын өзгерістерді алдын-ала болжай білген. Мұның түп-тамырында даналық пен ғасырдан ғасырға жалғасқан дала өркениеті жатыр. 

Дереккөз: nur.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары