$ 498.34  519.72  4.85

«Жасөспірім қыз қызды ұнататса, бұл – алаңдайтын нәрсе емес» - Психолог

Психолог-психотерапевт Серікгүл Сәлидің айтуынша, қоғам ЛГБТ өкілдерін даттап, оларға негативті пікір айту арқылы да оларды пропагандалап жатыр.
Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz

Қазіргі таңда ЛГБТ, дәстүрлі емес ориентация туралы ақпараттар желіде жиі талқыға түсіп, балалардың бұл тақырыпты тереңірек білуге деген қызығушылығын оятуда. Көптеген ата-аналарды ЛГБТ өкілдерінің желілерге ашық шыға бастағаны алаңдатады. Stan.kz тілшісі психолог-мамандардан ЛГБТ насихаты баланың санасына қалай әсер ететінін және ата-ана баламен бұл тақырыпта қалай сөйлесу керек екенін сұрап білді.

Мамандардың айтуынша, ЛГБТ-насихаты дегеніміз – бір жынысты некені қолдау, оларды фильмдер мен шығармаларға қосу, сондай үндеуді мақтау ғана емес, оларды қаралап, жамандау да. Психолог-психотерапевт Серікгүл Сәлидің айтуынша, қоғам ЛГБТ өкілдерін даттап, оларға негативті пікір айту арқылы да оларды пропагандалап жатыр. Ол пропаганда міндетті түрде санаға тікелей немесе жанама түрде әсер етеді деп санайды. 

“Пропаганданың кез келген түрі зиянын тигізеді. Әсіресе  үйінде қысым көрген, шектен тыс бақылауда болған және жеке шекарасы бұзылған балалар оның қақпанына түседі. Қоғам белсенділері, ата-аналар өзгеше адамдарға үрке қарап, тілдеп, жиіркеніп, оларға қарсы балағат сөздер айтып, ЛГБТ-мен күресуге тырысады. Бірақ бұлай талқыға түскен сайын, керісінше, жасөспірімдердің қызығушылығы одан сайын артады. Ерекше назар аударылған нәрсеге бала құмар. Жастардың санасында тыйым салынған нәрсеге қызығу, қағидаларға қарсы шығу деген бар”, – дейді маман.

Серікгүл Сәлидің айтуынша, ондай адамдарды қоғамнан ерекшелеп қарағанша, мүлде назар аудармаған дұрыс. 

Бұл тақырыпта баламен қалай сөйлесеміз?

Психолог қазіргі таңда балаларға ата-анасынан қарағанда интернет көбірек әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, балалар ЛГБТ, жыныс ауыстыру, дәстүрлі емес ориентация туралы ақпараттарды ата-ана айтпаса да, естіп, біліп жүр. 

Психолог-практик Қалампыр Жалғасбайқызы мұндай тақырыпты ата-ана баламен қай кезден бастап талқылауға болатынын түсіндірді.

“Балада үш жасқа дейін өзін-өзі тану жүреді. Ол өзінің кім екенін, қандай ұлт екенін, ұл әлде қыз екенін біліп, соған сәйкес қылықтар жасап бастайды. Осы кезден бастап балаларға үйрете беру керек. Қыз балаға "ботам, сен қызсың" деп еркелетіп, нәзік екенін сезіндіріп, қызға тән қарым-қатынас жасау керек. Ұлды “батырым” деп спортқа баулыған дұрыс”, – дейді ол.

Жалғасбайқызы өзіндік “Мен" бейнесі 5-6 жаста қалыптасады дейді. Бұл кезде бала кімнен не күтуге болады, кіммен қалай сөйлесу керек екеніне назар аударып, өзін қалыптастыра бастайды. Осы кезеңде балада неше түрлі сұрақтар туындауы мүмкін. Сол сұрақтарына ата-ана тарапынан бірінші жауап болуы керек екенін түсіндірді.

“Үйде екі әке бола ма не?” деп қызығып сұраса, ашығын айту керек. “Үйде бір әке, бір ана болады. Кейде екі әке немесе екі ана болатын отбасылар бар, бірақ екі әкесі бар жанұяда ана жоқ, екі анасы бар үйде әке болмайды” деп түсіндірген жөн. Әрі оның салдарын айту қажет”, – дейді психолог.

Қызым қыздарды ұнатамын десе…

Өтпелі кезеңде бала сезімдерін шатастырып, достықты махаббат деп қабылдауы мүмкін дейді маман. Серікгүл Сәлидің түсіндіруі бойынша, ата-ана мұндай кезде байбалам шығарып, өз баласынан бас тартпағаны жөн.

“Ата-аналардың жиі жіберетін қателігі – ұлының ұлды немесе қызының қызды ұнататынын біліп қалса, соққыға жығып, ұрысып, сол адаммен сөйлесуге тыйым салуы. Осы кезде қарама-қайшылықтар туындап, бала сізді жау көріп, қолдауды “ғашығынан” ғана алады. Нәтижесінде керісінше бір жынысты махаббатқа одан сайын құмарлана түседі”, – дейді ол.

Психолог ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, статистика бойынша ер балаларда гомосексуализмге бейімділік қыздарға қарағанда көбірек болатынын айтты. Зерттеу бойынша, қыздарда дәстүрлі емес ориентациясын ұстану ықтималдылығы бес пайыз, ал жігіттерде жиырма пайыз екен.

“Жасөспірім қыз қызды ұнататынын айтса, бұл – алаңдайтын нәрсе емес. Ал ұлдар бір-біріне осындай ықылас білдірсе, аса сақтықпен, түсіністікпен қарап, психолог-мамандарына жүгінген жөн. Қыздар өзі эмоционалды әрі сезімтал болғандықтан, құрбылық пейілін махаббат деп ойлауы мүмкін. Бірақ өсе келе, қалыпқа түседі. Бастысы осы кезде оған эмоционалды қысым көрсетілмеуі тиіс. Әйтпесе бейсаналы түрде ата-анамен қасарысу реакциясы пайда болып, қызбен көңіл қосуға бейім болуы мүмкін”, – дейді ол.

Психолог мұны табудың бұзылуы деп атады. Табу дегеніміз – белгілі бір нормалар мен тыйымдар.

“Балам ЛГБТ өкілі деп жабайы жануарша үркіп, ғайбаттағанша, олардың түбінде не жатқанын түсінуге тырысу керек. Бұл жерде ата-ананың сауаттылығы маңызды. Табуды қалай орната аламыз деп ойланған жөн. Психологқа баланы апарып, көзінше  “ұлым осындай, масқара, психологиясы дұрыс емес” деп айтпай, баладан тыс психологпен жеке кеңескен дұрыс. Содан кейін бала мен психолог жеке сөйлеседі. Осыдан соң ата-ана және бала арасында психологиялық шараларды психолог өткізеді”, – деді Сәли.

Ал Қалампыр Жалғасбайқызының айтуынша, ата-ана тарапынан балаға деген көңіл бөлу, махаббат жеткілікті болып, барлық сұрақтарына қанағатты жауап алса, өскен кезде аса бір қатты мәселе туындамайды. Мұндай шешімге келудің бір факторы – отбасыға деген реніші. Көп жағдайда жыныс ауыстыруға зорлық-зомбылық себеп болатынын айтады. 

“Балада модель болады, ұл ретінде әкесін, ал қыз ретінде анасын көреді. Осы рөлдердің конценциясын толық көріп, қабылдамаған кезде үлгіні сырттан іздеп, өзге бағытқа кетуі мүмкін”, – деді ол.  

Бір жынысты отбасыда тәрбиеленсе…

Дәстүрлі емес отбасыда өніп-өсу баланың болашағына қалай әсер ететінін психологтар болжап қана айтты. Себебі дөп басып айту қиын. Серікгүл Сәли бұл баланың ориентациясына әсер ете алмайды деп санаса, Қалампыр Жалғасбайқызы ұрпақ ата-ананың сценарийін қайталауы мүмкін деді. 

“Бала ата-анасының үлгі көргендіктен, отбасы деген осындай болады деген түсінік қалыптастыруы мүмкін. Бірақ қоршаған ортаға қарап, ойын да өзгерте алады. Бұл тұста балаға жауаптылар оған таңдау еркін беріп, негативсіз үйде әке де, ана да бар отбасылар бола алатынын айтуы тиіс”, – деді маман.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары