Энергетика министрлігі Қазақстанның ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы бұйрықтың жобасын дайындады. Оған сәйкес тауарлық газдың шекті көтерме бағасы орта есеппен 15%-ке өседі, деп хабарлайды Sputnik.kz
"Қазіргі уақытта Қазақстанда тауарлық газдың орташа бөлшек сауда бағасы халық үшін 22,06 теңге/м3 құрайды. Тауарлық газға шекті көтерме баға 15%-ке өскен кезде тұрғындар үшін бөлшек сауда бағасы өңірге байланысты 1,1-ден 3,87 теңге/м3-ге дейін (ҚҚС-ты есептемегенде) өседі, орташа өсім шамамен 2,7 теңге/м3 құрайды", - деп мәлімдеді энергетика министрлігі.
Ведомство түсіндіргендей, тауарлық газдың шекті көтерме бағасының өсуі газды жеткізудің өзіндік құнының өсуіне, сондай-ақ тауарлық газ өндірісінің 2019 жылы 33,1 млрд м3-тен 2022 жылы 27,8 млрд м3-ке дейін төмендеуіне, ішкі нарықта тауарлық газды тұтынудың 2019 жылы 15 млрд м3-тен 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19,3 млрд м3-ке дейін өсуіне байланысты.
Бұйрық жобасы өңірлерді газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін жылдарға бөле отырып көтеріледі. Биыл 1 шілдеден бастап 2028 жылғы 30 маусым аралығында ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасі бекітіледі. Заңнамаға сәйкес шекті көтерме бағалардың өсуі бір күнтізбелік жыл ішінде 15%-тен аспайды.
Құжат 15 мамырға дейін бекітіледі.