Ақсай қаласында көпқабатты тұрғын үй ауласында ер адамдар арасында қақтығыс болып, тапаншадан оқ атылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен таралды.
Онда ер адамдардың бір-бірімен байланысып, біреуінің соққы жұмсап, қаша жөнелгені көрінеді. Бәрі соның соңынан қуып бара жатқан сәтте атысқа ұқсас дауыс та естіледі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 29 сәуір күні шамамен сағат 18.00-де болды.
«Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде жанжалға қатысушылардың бәрі анықталып, полицияға жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі 2-тармақшасына (газды қаруды қолданып жасалған бұзақылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Істің мән-жайы толық анықталатын болады. Аудан прокуратурасы тарапынан жазбалай нұсқау берілді. Зардап шеккендер жоқ. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес таратуға жатпайды», деп хабарлады ведомстводан.