Аргентина құрамасының және франциялық "Пари Сен-Жермен" командасының шабуылшысы Лионель Месси әлемдегі жалақысы ең жоғары футболшы атануы мүмкін деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
The Telegraph мәліметінше Сауд Арабиясының үкіметі Мессиге футбол тарихындағы ең жоғары жалақы ұсынған. Дегенмен алдымен олар 35 жастағы футболшымен шарттың егжей-тегжейін келісіп алмақшы. Тек содан кейін ғана Месси ауысатын команда айқындалады.
Келіссөзге "Манчестер Сити" командасының бұрынғы атқарушы директоры Гарри Кук тартылады. Қазір Сауд Арабиясының билігі футболшының әкесі Хорхе Мессимен келіссөз жүргізіп жатыр екен. Ал Мессиге бір маусым үшін 400 миллион доллар ұсынылған.
Егер бұл шарт жасалса, Месси ең жоғары жалақы алатын футболшыға айналады. Сондай-ақ Кришитану Роналду ойнайтын "Аль Наср" командасының басты қарсыласы "Аль-Хиляль" командасына ауысуы мүмкін екен.