Елордада салынып жатқан «Capital Park«тұрғын үй кешенінің құрылыс учаскесінде мұнара краны құлады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Ведомствоның алдын ала ақпараты бойынша, оқиға бүгін сағат 11:20 шамасында болған.
«BI Group» құрылыс компаниясына тиесілі «Capital Park» тұрғын үй кешенінің құрылыс учаскесінде (Есіл ауданы, Керей-Жәнібек хандар, Бұқар Жырау, № 37 және № 38 көшелерінің қиылысы) мұнара кранын монтаждау кезінде ережелер мен талаптар сақталмады. Атап айтқанда, секцияаралық бекіту бұрандалары болмаған. Нәтижесінде мұнара краны жақын тұрған автокранның бағыттау бөлігіне құлады. Онда «Андрюшкин» жеке кәсіпкерлігінің машинисі болған. Ол ауруханаға жатқызылды», - деп жауап берді комитеттің баспасөз қызметінен тілші сауалына орай.
Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қарасты Астана қалалық департаментінің инспекторлары жұмыс істеп жатыр.