Атырау облысы Исатай ауданы, Жанбай ауылында "Ямаха-70" аспалы қозғалтқышы бар "Будара" шағын көлемді жүзу құралымен Жанбай ауылының 4 тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Олардың 2023 жылғы 11 мамырда сағат 15:55-те "Бекіре-2023" кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу шеңберінде Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің жағалауында рейдтік іс-шара жүргізу барысында ұсталғаны да нақтыланады.
"Тексеру нәтижесінде жалпы салмағы 278 келі сазан балығы және 5 дана синтетикалық моножіптен жасалған ау құралдары анықталды. Аталаған дерек бойынша ҚР ҚК 335-бабының 1-бөлігінің белгілері бойынша СДТБТ-да тіркеліп, құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", делінген ресми хабарламада. Экология министрлігінің мәліметінше, балық ресурстарына келтірілген залал көлемі алдын ала есеп бойынша 3 740 490 теңгені құрайды.