$ 494.87  520.65  4.91

«Ешқашан жазушылар оппозиция болмайды»: Жазушылар одағының жаңа басшысының сөзінен кейін ұйымда дау туындады

Кейін құрылтайда сөз алған ол "мемлекет басшысына қарсы шықпау керегін" айтты.
Коллаж: stan.kz
Коллаж: stan.kz

Қазақстан жазушылар одағына жаңа басшы Мереке Құлкенов жазушылардың XVI құрылтайында сөз сөйлеп, "жазушылар оппозиция болмайды" деп мәлімдеген. Одақтың жаңа басшысына қарсы шыққан жазушылар ұйымнан кететіндерін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жазушылар одағының кезекті құрылтайы 12 мамырда өтті. Жиында жазушы әрі журналист Мереке Құлкенов 5 жыл мерзімге одақтың басшысы болып сайланды. Кейін құрылтайда сөз алған ол "мемлекет басшысына қарсы шықпау керегін" айтты. 

"Әрине, жазушылар болғаннан кейін, сын болады. Бірақ ешқашан біздің жазушылар оппозиция болмайды деп есептеймін. Болмауы керек деп есептеймін. Өйткені оппозиция деген сөз – мемлекеттің басшысына қарсы болу деген сөз. Мен оған келісе алмаймын. Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өнер адамдарына, ғалымдарға, жазушыларға өте ерекше көңіл бөліп отыр", – деді ол. 

Бұл жағдайдан кейін журналист, жазушы Қойшыбек Мүбарак қарсылық білдіріп, одаққа мүше болмайтынын мәлімдеген. 

"Мен әуелі мистик жазушымын. Сосын тәуелсіз журналиспін. Қара шаңырақ Одақты қаншалықты қадірлесем де қарамағындағы мүшелеріне мұндай цензура жасайтын төрағасы бар ұйымға мүше болғым келмейді. Мынау №01252 билетім. Бүгіннен бастап одақ мүшелігінен шегіндім", – деп жазды ол желідегі парақшасында. 

Кейін жазушы Есбол Нұрахмет те одаққа мүшеліктен бас тартатынын мәлімдеп жазба қалдырған.

"Құрылтайға бармадым. Көрмедім. Бірақ барған жұрттың көбі жазушылардың сағы сынғанын, тым көңілсіз болғанын айтып жатыр. Осының бәрі биліктің әр істің бәріне тұмсығын тыға беруінен туындап отыр. Тым құрыса осындай шығармашылық ұйымдарға еркіндік беруге болмай ма? Түсінбеймін! Ал жаңа сайланған төраға әр жазушының қандай пікірде болуы керек екенін белгілеп бере алмайды. Шығармашылығына да араласа алмайды. Одаққа төраға болу, менің түсінігімде, оқырман мен жазарман арасына дәнекер болу, билік пен жазушы емес.Егер Жазушылар одағының мүшесі тек төрағаның ғана көзқарасымен өмір сүруі керек десе, мен де бас тарттым бұл одақтан”, – деп жазды ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары