$ 498.34  519.72  4.85

«Ел сенімі бәрінен биік»: Тоқаевтың жұрт көңілінен шыққан бастамалары

Әсіресе, болашағымыз – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды.
Фото: BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Ол 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 

Қасым-Жомарт Кемелұлының ел тізгінін ұстағалы төрт жылға жуықтап қалды. Тоқаевтың түрлі кездесулері, жасаған сапарлары, қабылдаған шешімдері, жалпы ресми өмірі ел алдында. Skifnews.kz порталы Мемлекет басшысының соңғы бір жарым жыл ішіндегі жасаған өткір мәлімдемелері мен елдің көңілінен шыққан шешімдерінің біразына шолу жасап көрген еді. 

Адам капиталын дамыту – ұлт сапасын арттырып, қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт. Бұны әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрменді бастамалар көтеріп, ілкімді істердің атқарылуына ықпал етіп келеді. 

Әсіресе, болашағымыз – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады. 

«Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», - деді Тоқаев өткен жылы өз жолдауында. 

Фото: Ақорда

Сондай-ақ президент 2023 жылдан бастап бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл ата-аналарға ең маңызды кезеңде өз балаларының қасында ұзағырақ болуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы өз кезегінде барлық аналардың көңілінен шықты.  

Елордадағы LRT-ның құрылысы 2019 жылы сәуірде тоқтап қалғаны бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысы оның құрылысы тоқтаса, шығын одан да көп болатынын алға тартты. Бұл туралы елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтты: 

«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын».  

Автобусқа сыймай, қыстың кезінде оны сағаттап күтуге мәжбүр болатын елорда тұрғындары мен қонақтары бұл ұсынысты үлкен қуанышпен қабыл алды.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауында елімізге заңсыз кіргізілген көліктерді тіркеу үшін біржолғы шешім жасауды ұсынып: «Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл — іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара», - деген болатын. Осының аясында  23 қаңтардан бері республика бойынша 69 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Соның ішінде 67 пайызы – Ресей Федерациясынан, 19 пайызы – Армениядан, шамамен 10 пайызы – Қырғызстаннан, ал 2 пайызы Грузиядан әкелінген. Бұл жүргізушілер үшін өте тиімді болғанын атап өткен жөн.  

Фото:elements.envato.com

Ел президентінің жануарларға да жанашырлықпен қарайтыны жасырын емес. Оған дәлел ретінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Серікқали Брекешевке Жайық популяциясына жататын 80 мың бас киікті ату туралы қабылдаған шешімі үшін сөгіс жариялағанын айтуға болады. 

«Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда келу керек. Шынымен де, киік – қазақ халқы үшін киелі жануар болып есептеледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Фото:turkystan.kz

Өткен айда елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтті. 

Кеңес барысында негізгі: «Қазақстандағы қалалардың келбеті көңіл көншітпейтіні», «Халықтың нақты табысы құнсызданып жатқаны», Кейінгі бес жылда бюджетке 30 триллион теңге аз түскені», «Орта бизнес қарқынды дамымай отырғаны», «Халықты, жастарды жұмыспен қамту мәселесі», «Әлеуметтік кепілдіктер көлемі қысқармайтыны туралы», «Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет екені», «Жылдам интернет пен сапалы байланыс керектігі», «Ұлттық банк инфляция мәселелерін шешуге толық қатысуы керектігі», сынды мәселелер баса айтылды.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында бұрын заңсыз шығарылған активтер мен қаражатты елге қайтару туралы да айтып өтті. 

«Әрине, мұндай қауіп бар. Мен сіздің сұрағыңыздың астарын өте жақсы түсінемін. Соған қарамастан мен бір кездері заңсыз жекешелендірілген мүлікті мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын комиссия құрдым. Мұндай активтер мемлекетке қайтарылады. Бұл жерде экспроприация жоқ. Таңдау, бөлу деген ойдан алыспын», - деп жауап берді Қ. Тоқаев.

Жоғарыда айтылған ел игілігі үшін шығарылған оң шешімдерінен бөлек, мемлекет басшысының ұтқыр жауаптары мен өткір мәлімдемелері көптің талқылауында болды. Солардың кейбіріне тоқталып өтейік. 

Кремль Украинаның Донбасстағы ресейліктердің бақылауындағы «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасының» тәуелсіздігін танығанын барлығымыз білеміз. Ресей президенті Владимир Путин қатысып отырған Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда  журналист Маргарита Симоньян Тоқаевтан Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясына» пікірін сұраған еді. Сол кезде Тоқаев былай деп жауап берген болатын: 

«Бізді бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады... Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 я 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз».  

Фото: azattyq-ruhy.kz

Бұдан бөлек тіл мәселесі де елдегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты да өз ойын ашық әрі нақты жеткізіп жүр. Оған дәлел президентіміздің мына сөзі:  

«Тілге қатысты кемсітушілікке жол жоқ. Бұл сұраққа Конституция нақты жауап береді. Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі». 

Елдің тыныштығы мен тұтастығы елді басқарып отырған адам үшін қашан да бірінші орында тұратыны сөзсіз. Президентіміз әр сөзінде бірлік пен татулықты тілге тиек етіп отырады. Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесінде сол елдің тыныштығын бұзуды ойлайтындарға қатаң ескерту жасады.  

«Елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланады. Арандатуға қарсы күрес заң аясында, жедел әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Тиісті заңдарымыз бар, оларды қатаң сақтауымыз керек. Әйтпесе әрекетсіздіктің салдары еліміз үшін өте қауіпті болуы мүмкін», - деді ол.   

Қысқасы ел тізгінін ұстаған төрт жыл ішінде нағыз халықшыл тұлға екенін көрсете белді. Оның өзгенің мақтағанына немесе даттағанына қарап емес, өзі байыппен саралап, сосын ғана сабырмен шешім қабылдайтынын көзі ашық жұрт әлдеқашан-ақ түйсінген. Сондықтан да болар халықтың Тоқаевқа деген сенімі жылдан-жылға артып келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары